"Халықтың мүддесін қорғайтын норма пайда болды": Сарапшылар жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістерге тоқталды

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі заңның қолданысқа енуімен елдің мемлекеттік басқару жүйесі жаңарып, парламенттің құрылымы, президенттің өкілеттіктері мен мемлекеттік институттардың жұмыс тәртібі өзгерді. Stan.kz тілшісі жаңа Конституцияның басты ерекшеліктері мен оның ел дамуына ықпалын сарапшылардан сұрады.
“Жаңа Конституцияда халықтың мүддесін қорғайтын нормалар пайда болды”
Конституциялық сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Алмас Қанатовтың айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – халықтың мүддесі мен жалпыұлттық құндылықтарды Негізгі заң деңгейінде нақты бекітуінде.
“Бұрын Конституция туралы көбіне жалпы ұғымдар деңгейінде айтатын едік. Ал жаңа Конституцияда халық пен мемлекеттік аппаратты жақындастыратын, азаматтардың мүддесін айқындайтын нормалар пайда болды. Мұны Конституцияның өзегі деп айтуға болады. Сонымен қатар вице-президент институтының енгізілуі мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. “Қазақстан халқына” қорының конституциялық мәртебесі, өңірлердің рөлін күшейту, этносаралық саясат пен үкіметтік емес сектордың қатысуына қатысты нормалар да Конституцияны жаңғыртып, оның мазмұнын жаңа деңгейге көтереді”, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, жаңа Конституция бұрынғы Негізгі заңның жалғасы ретінде қабылданған. Сондықтан оның басты артықшылығы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау тетіктерін күшейтуінде.
“Ескі Конституция болмаса, жаңа Конституция да болмас еді. Бұл – сабақтастықтың жалғасы. Жаңа Конституция халықтың мүддесін жаңа деңгейде біріктіреді. Оның кіріспесінде Қазақстанның мыңжылдық тарихы, тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттік рәміздер мен адам құқықтары сияқты іргелі құндылықтар айқын көрсетілген”, – деді Алмас Қанатов.
Ол Конституцияның алғашқы он бір бабының ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, дәл осы нормалар мемлекеттің конституциялық негіздерді айқындайды және басқа баптарға қарағанда басымдыққа ие болады.
“Жаңа Конституцияның ең үлкен артықшылығы – оның нормаларының тікелей қолданылуында. Конституцияның алғашқы 11 бабында бекітілген негізгі қағидаттарға қайшы келетін қосымша заңдар қабылданбауға тиіс. Өйткені бұл нормалар тікелей қолданылады және азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болады. Бұл Конституцияның нақты жұмыс істейтін құқықтық құжатқа айналуына мүмкіндік береді”, – деді сарапшы.
Алмас Қанатовтың пікірінше, жаңа Конституция адамға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізін күшейтеді. Оның айтуынша, Негізгі заң ғылым, білім, денсаулық сақтау, креативті индустриялар мен инновацияларды дамытуды азаматтардың заңды мүдделерін қорғаумен байланыстырады.
“Біз енді адамның абстрактілі құқығын ғана емес, оның заңды мүдделерін қорғауға басымдық беруіміз керек. Конституцияда ғылым, білім, денсаулық сақтау, креативті индустрия және инновация сияқты салалардың дамуына ерекше мән берілуі – адамға бағдарланған мемлекеттік саясаттың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді”, – деді Конституциялық сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі.
“Жаңа Конституция елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған”
Саяси ғылымдардың докторы, профессор Гүлнар Насимованың пікірінше, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі мемлекеттік институттарды өзгертумен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттің даму моделін жаңаша айқындайды.
“Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет пен инновация елдің ұзақмерзімді стратегиялық дамуының негізгі бағыты ретінде бекітілген. 1995 жылғы Конституция тәуелсіздік жылдарында күшті әрі тұрақты мемлекет құруға бағытталды. Ал жаңа Конституция технологиялық бәсекелестік, жаһандық белгісіздік және қоғамның өсіп келе жатқан сұраныстары жағдайында елдің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуге жауап береді. Сондықтан онда жоғары мемлекеттік билік жүйесін реформалаумен қатар білім, ғылым, мәдениет пен инновация стратегиялық даму басымдықтары ретінде айқындалған. Бұл мемлекеттің болашағы енді саяси институттардың тиімділігімен немесе экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, азаматтардың білімі, құзыреті, ғылыми жетістіктері мен шығармашылық әлеуетін қамтитын адами капиталдың сапасымен де өлшенетінін білдіреді”, – деді профессор.
Оған қоса сарапшы жаңа Конституция жоғары мемлекеттік билік жүйесін қайта құрып, Құрылтай, вице-президент институты және Қазақстан халық кеңесі сынды жаңа институттарды енгізгенін айтты. Оның пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.
“Кез келген Конституцияның шынайы маңызы оның қалай орындалатынымен өлшенеді. Негізгі заңның тиімділігі оны іске асыратын мемлекеттік институттардың сапасына байланысты”, – деді Гүлнар Насимова.
“Неке ұғымы конституциялық деңгейде нақтыланды”
Заң ғылымдарының кандидаты Есқали Саламатов жаңа Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі ретінде парламенттің құрылымының өзгергенін атады.
“Жаңа Конституциядағы ең маңызды өзгерістердің бірі – екі палаталы парламенттен бір палаталы құрылтайға көшу. Сонымен қатар вице-президент лауазымының енгізілуі де мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды жаңашылдықтардың бірі болды. Жалпы, жаңа Конституция бұрынғы Негізгі заңнан көп қыры бойынша ерекшеленеді”, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Конституцияның алғашқы бөлімінде қоғамда кеңінен талқыланған бірқатар мәселелер де нақты көрініс тапқан.
“Соның бірі – неке ұғымының конституциялық деңгейде нақтылануы. Жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің одағы ретінде бекітілді. Осылайша, бұл норма отбасы институтының конституциялық негізін айқындап берді”, – деді Есқали Саламатов.
Оның сөзінше, жаңа Конституцияда мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты бірқатар жаңа институттардың мәртебесі де айқындалған.
“Конституцияда “Қазақстан халқына” институтының мәртебесі бекітілді. Енді оның өз өкілеттіктері болады және заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болады. Бұл – жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі”, – деді заңгер.
Қазақстандықтарды қарапайым су есептегіштерден әлдеқайда қымбат "ақылды" су есептегіштерді орнатуға міндеттеді