Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qarmet компаниясы 65 жылда алғаш рет жаңа кокс батареяларын салып жатыр

Кармет

Qarmet металлургия комбинатындағы №8-9 кокс батареяларының құрылыс алаңында компанияның ең ірі инвестициялық жобаларының бірін іске асыру үшін кезекті маңызды кезең еңсерілді. Құрылыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ал орындалған жұмыстардың көлемі жобаның жоғары қарқынмен жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Қазір нысанда 11,8 мың текше метрден астам бетон құйылып, 1,64 мың тоннадан астам арматура орнатылды, сондай-ақ 33 мың текше метрден астам жер жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар болашақ өндірістік кешеннің бірнеше негізгі нысанында құрылыс жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

Кармет (1)
"Qarmet үшін жаңа кокс батареяларының құрылысы – жай ғана инвестициялық жоба емес, кәсіпорынның дамуы үшін аса маңызды кезең. Қазір қолданыстағы, әсіресе №1 және №4 кокс батареялары физикалық тұрғыдан әбден тозған, олардың пайдалану мерзімі біртіндеп аяқталып келеді. Сондықтан жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу комбинаттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып саналады. Технологиялық тұрғыдан алғанда, жаңа кешеннің бірқатар артықшылықтары бар. Заманауи құрылым кокс массасының біркелкі қыздырылуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде домна өндірісінде қолданылатын дайын кокстың сапасын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Болат департаментінің директоры Андрей Берг.
Кармет (2)

1960-жылдары салынған және пайдалану мерзімін толық аяқтаған №1-4 кокс батареяларын 65 жылдан астам үздіксіз жұмысынан кейін кезең-кезеңімен қолданыстан шығару жоспарланып отыр. Ескі батареяларды жаңасына ауыстыру экологиялық көрсеткіштерді айтарлықтай жақсартуға, өндірістік шығындарды азайтуға және қызметкерлерге заманауи, қауіпсіз әрі автоматтандырылған еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кармет (3)

Бұған дейін Qarmet компаниясы жаңа кокс батареяларын салу барысында өз өндірісінде шығарылған арматураны пайдаланып жатқаны хабарланған еді. Бұл компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда өз өнімін қолданудың нақты үлгісі саналады және толық өндірістік циклдің артықшылықтарын дәлелдейді.

Пайдалануға берілгеннен кейін №8-9 кокс батареялары жылына 1,5 миллион тоннаға дейін құрғақ кокс өндіре алады. Жаңа кешен кокс-химия өндірісінің тиімділігін арттырып, металлургия комбинатын қажет көлемдегі кокспен қамтамасыз етеді және Qarmet компаниясының ауқымды жаңғырту бағдарламасындағы негізгі нысандардың біріне айналады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 13:22