Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында ақталған бұрынғы мектеп директоры қайта сотталып, колонияға жіберілді

парақор жемқорлық
Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында мұғалімдерге заңсыз біліктілік санатын беріп, пара алған мектептің бұрынғы директоры 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Оның заңсыз әрекеті салдарынан бюджеттен 16 миллион теңгеден астам қаражат негізсіз төленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры К мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға теңестірілген адам бола отырып, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, міндетті тестілеу және аттестаттау комиссиясынан өтпеген мұғалімдерге біліктілік санаттарын заңсыз берген, сондай-ақ мұғалімнен пара алған.

Сотталғанның әрекеті 12 мұғалімге бюджеттен жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам жалақыны негізсіз төлеуге әкеп соққан.

Бірінші сот қарауы кезінде сотталған адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбегендіктен, ақталған.

Бас прокуратураның кассациялық тәртіппен енгізген наразылығы бойынша ақтау үкімінің күші жойылды, іс жаңадан апелляциялық қарауға жіберілді.

Істі жаңадан қарау кезінде сот К-ны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.

Еске салайық, бұған дейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің бұрынғы ректоры Асет Қалиевтің 11,64 миллион теңге пара алды деген айыппен 8 жылға сотталғаны хабарланған еді. Тергеу барысында пара ретінде берілген ақша оның үйіндегі мұздатқыштан табылған. Сондай-ақ іс бойынша кәсіпкер Инесса Мутурганова да пара бергені үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 13:09