Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстан Қазақстанға аумақ айырбастау туралы ұсыныс білдірді: Саясаттанушылар бұған қарсы шықты

Қазақстан мен Қырғызстан
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов Қазақстанға Тоқмақ маңындағы 800 метрлік жол учаскесін тең көлемдегі жер теліміне айырбастау жөнінде ұсыныс жасалғанын мәлімдеді. Ал қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстанның мұндай бастаманы қолдауы екіталай екенін айтып, елдің аумақтық тұтастығына қатысты ұстанымы өзгермейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Тұрғындарға Қырғыз Республикасының азаматтығы беріледі”

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзовтың айтуынша, Қазақстанға Тоқмақ қаласы маңындағы 800 метрлік жол учаскесін тең көлемдегі жер теліміне айырбастау туралы ұсыныс енгізілген. Оның сөзінше, бастама Алматыдан Кемин қаласына дейін ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салу жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

"Бүгінде Өзбекстанмен мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында бұрын Өзбекстан аумағына қараған екі ауыл тұрғындарымен бірге (шамамен 2500 адам) Қырғызстан құрамына өтті. Әңгіме бұрын Өзбекстанның Ферғана облысына қараған Чоңгара және Таш-Төбө ауылдары туралы болып отыр. Бұл елді мекендерде этникалық қырғыздар тұрады. Енді бұл ауылдарда тіркеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталғаннан кейін тұрғындарына Қырғыз Республикасының азаматтығы беріледі", – дейді Аскат Алагөзов.
Қырғызстан
Фото: Аскат Алагөзовтің желідегі парақшасынан

Аталған екі ауылдың орнына Қырғызстан тарапы Өзбекстанға шекара маңынан көлемі жағынан тең жер телімдерін берді дейді ол.

"Сонымен қатар Сай ауылынан Таян ауылына дейін автожол салу үшін жалпы аумағы 236 гектар болатын тең жер телімдері өзара алмастырылды. Соның нәтижесінде, Құдай қаласа, Баткен облысының тұрғындары бұдан былай Айдаркеннен Баткенге дейін қазіргі 225 шақырымдық айналма жолмен емес, Сай-Таян бағыты арқылы небәрі 55 шақырым жүріп жетеді. Бұдан бөлек Қазақстанға тиесілі болып саналатын Тоқмақ қаласы маңындағы 800 метрлік жол учаскесіне қатысты да тең жер телімдерін алмастыру жөнінде бауырлас қазақ еліне ұсыныс жасалды. Егер бұл жоба жүзеге асса, Алматы көшесінен Кемин қаласына дейінгі ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салуға мүмкіндік туады. Мұндай мәселелер саяси алыпсатарлықтың құралына айналмауға тиіс", – дейді қырғызстандық шенеунік.

 “Ұсынысты қабылдауы екіталай”

Ал қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстанның Қырғызстанның ұсынысын қабылдауы екіталай деген пікір білдірді.

"Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы "аумақ алмасу" мәселесін жария түрде көтерді. Әңгіме Тоқмақ қаласы маңындағы 800 метрлік жол учаскесі туралы болып отыр. Қырғыз билігі бұл аумақты ақылы автомагистраль салу үшін қажет деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстан тарапына осы учаскенің орнына көлемі тең жер телімдерін айырбастау туралы ұсыныс жасалған", – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

Әбішевтің сөзінше, Қазақстан Конституциясында мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен шекарасының қол сұғылмастығы нақты бекітілген. 

"Меніңше, Қазақстан бұл ұсынысты қабылдамайды. Біріншіден, жер мәселесі өте сезімтал тақырып. Қазақстан өз мемлекеттік шекарасын халықаралық деңгейде бекіту үшін кезінде орасан зор жұмыс атқарды. Әрбір шаршы шақырым мұқият талқыланды. Бір жерде жер алмасты, бір жерде ымыраға келді, енді бір жерде өз ұстанымынан тайған жоқ. Бұл ел тарихындағы маңызды кезең болды және ол сәтті аяқталды. Бүгінде Қазақстанның барлық мемлекеттік шекарасы толық келісіліп, делимитацияланып, демаркацияланған. Халықаралық-құқықтық рәсімдер толық аяқталды. Бұл мәселе жабылған. Енді бірнеше шаршы шақырым үшін бұл тақырыпты қайта көтерудің ешқандай қажеті жоқ. Қазақстан мен Қырғызстан арасында аумақтық дау жоқ. Ортақ шекара толық бекітілген. Сондай-ақ Өзбекстан және Қытаймен түйісетін шекара нүктелері де келісілген. Осылайша, мәселе толық шешілген", – дейді Ғазиз Әбішев.

Жаңа Конституцияның преамбуласында Қазақстан шекарасының мызғымастығы атап көрсетілген. Ал 2-бапта мемлекет өз аумағының тұтастығы мен қол сұғылмауын қамтамасыз ететіні нақты жазылған дейді Ғазиз Әбішев.

"Екіншіден, мұндай қадам не үшін қажет? Қазақстанның шекарасы өзгермейтін қағидаға негізделген. Егер бір елмен шекараны қайта қарау тәжірибесі басталса, ерте ме, кеш пе, осындай ұсыныстарды басқа мемлекеттер де көтеруі мүмкін. Бүгін кәсіпкерлер мен шенеуніктер саясаткерлерді қалыптасқан жағдайды өзгертуге көндіруге тырысуы ықтимал. Ал ертең мұндай шешімдер күтпеген салдарға алып келуі мүмкін. Жер мен аумақ мәселесі халықаралық қатынастардағы тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан бұл мәселе талқыланбайтын қағида болып қалуы керек", – дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

Бұл ретте Қазақстанның ресми ұстанымы да өзгерген жоқ. Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 20 жылдығына арналған дөңгелек үстелде ведомство өкілдері Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай шекаралық немесе аумақтық мәселе жоқ екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстан мемлекеттік шекарасын Қырғызстанмен ғана емес, өзге көрші елдермен де халықаралық құқық талаптарына сәйкес толық рәсімдеген. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа 2005 жылы қол қойылып, 2006 жылы күшіне енді. Осылайша, әлемдегі ең ұзын құрлықтағы мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесі түпкілікті бекітілді. Былтыр осы келісімнің 20 жылдығына арналған дөңгелек үстелде сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай шекаралық немесе аумақтық мәселе жоқ екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.

Сол кезде стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары Ілияс Қарсақовтың айтуынша, 2005 жылы қол қойылып, 2006 жылы күшіне енген мемлекеттік шекара туралы келісім екі елдің шекарасын түпкілікті бекітіп, әлемдегі ең ұзын құрлықтағы мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесін айқындап қойған.

"Бұл стратегиялық құжат Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай шекаралық немесе аумақтық дау жоқ екенін көрсетеді. Екі мемлекет даулы мәселелерді күшпен емес, дипломатиялық жолмен шешудің үлгісін қалыптастырды" деген еді Қарсақов та.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара 2021 жылғы қарулы қақтығыстан кейін жабылған еді. 2025 жылғы наурызда екі ел президенттері мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойып, көпжылдық шекара дауын ресми түрде реттеген. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара дауы ондаған жылға созылып, 2022 жылғы қыркүйекте ең қанды қақтығысқа ұласқан еді. Алты күнге созылған шайқаста екі тараптан 150-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын эвакуацияланды. Осыдан кейін шекара жабылып, келіссөздер бірнеше жылға жалғасқан.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 01 Шілде, 2026 11:16