Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омардың үйіндегі тінту сәтінен видео тарады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Жақсылық Омарға қатысты істің мән-жайын жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Комитет жемқорлыққа қарсы күрес туралы деректі фильм ұсынды. Онда осы қылмыстық іске жеке эпизод арналған.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың соңында ҰҚК-нің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Жақсылық Омардың қол астындағы қызметкерлер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардан жүйелі түрде ақша талап еткені туралы ақпарат алған.
ҰҚК өкілінің айтуынша, тергеу барысында одан ақша талап етілген адамдар тобы анықталған. Ведомство деректеріне сүйенсек, Омар қызметте өсіруге уәде беріп, ал келіспеген жағдайда жұмыстан шығарамын немесе лауазымын төмендетемін деп қорқытқан болуы мүмкін.
Сондай-ақ ҰҚК 4 ақпанда қаражаттың бір бөлігі істі құжаттау және ақшаның қалай алынғанын анықтау мақсатында берілгенін хабарлады.
Комитет Өскемендегі шенеуніктің жеке үйінде жүргізілген тінту кадрларын да көрсетті. Ведомство мәліметінше, тінту кезінде ақша тәркіленген.
ҰҚК Жақсылық Омар алғашқы жауап алу кезінде кінәсін мойындағанын мәлімдеді.
Мән-жайы
Еске салайық, 3 сәуірде Өскемен қаласының №2 сотында сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ оның Toyota маркалы автокөлігі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Бұған дейін сотта прокурор айыптауды екі эпизод бойынша оқыған. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезеңіне қатысты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші ретінде танылған адам біреудің өтінішімен қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімдеген. Соның нәтижесінде ол 2021 жылғы Toyota Camry 75 автокөлігін алған. Кейін оның айтуынша, көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырып, содан кейін қайта көрмеген.
Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгідегі көлікке айырбасталған. Тергеу деректеріне сәйкес, бұл көлікті айыпталушы пайдаланған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Осыған байланысты Жақсылық Омарға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Алайда сотта жәбірленуші шығынның өтелгенін айтып, ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеген.
Қазақстандықтарды қарапайым су есептегіштерден әлдеқайда қымбат "ақылды" су есептегіштерді орнатуға міндеттеді
Оқыңыз