Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда депозит табыс табудың жолына айналды: Бұған инфляцияның баяулауы әсер етті

Ақша
Фото: Stan.kz

Қазақстанда теңгедегі депозиттер енді қаржыны құнсызданудан қорғаудың ғана емес, одан нақты табыс табудың да тиімді жолына айналып келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, кейінгі уақытта азаматтардың ақша жинау әдетінде өзгеріс байқалады. Бұған елдегі инфляцияның баяулауы мен Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты әсер еткен.

Қор сарапшылары бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 11%-ға дейін төмендегенін атап өтті. Ал базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталғандықтан, банктер де салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемесін жоғары ұстап отыр.

Осының нәтижесінде теңгедегі депозиттер халық үшін жинақты сақтаудың ғана емес, үстінен табыс табудың да қолайлы құралына айналды. Әсіресе қысқа мерзімге ашылатын мерзімді және жинақ салымдарына сұраныс артқан.

Банк жүйесіндегі мерзімді депозиттердің көлемі де айтарлықтай өскен. Қор дерегіне сүйенсек, бұл көрсеткіш бір тоқсан ішінде екі есеге жуық көбейген. Ал бір жылда жеке тұлғалардың депозит портфелі 12 есе ұлғайған.

Есепті кезең соңында қарапайым мерзімсіз салымдар бойынша орташа нарықтық мөлшерлеме 15% болды. Қазір ең жоғары табыс 1 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді депозиттер бойынша ұсынылып отыр.

Толықтыру мүмкіндігі бар салымдар бойынша жылдық мөлшерлеме 19,8%-ға дейін жеткен. Ал толықтыру құқығы жоқ депозиттер бойынша мөлшерлеме 19% деңгейінде қалыптасты.

Қор мамандарының айтуынша, қазір жағдайда теңгедегі депозиттер халыққа ақшасын сақтап қана қоймай, одан қосымша табыс табуға мүмкіндік беріп отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 14:37