Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жоғары оқу орындар мемлекеттік грант ұта алмағандарға 2 мыңнан астам қосымша грант бөлді

университеттер грант бөлді
Фото: depositphotos.com

Мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған талапкерлердің мүмкіндігі әлі де бар. Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстандық жоғары оқу орындары биыл 2 мыңнан астам өз грантын ұсынып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы қазақстандық жоғары оқу орындары ұсынатын ректорлық, университеттік және ішкі білім гранттарының жалпы саны 2 мыңнан асады. Әр университет грант санын, оны беру тәртібі мен іріктеу талаптарын өзі анықтайды. Өтініштерді қарау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, академиялық жетістіктер, "Алтын белгі" иегері болуы, олимпиадалардағы, ғылыми, шығармашылық және спорттық байқаулардағы жеңістер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

  • Ірі бағдарламалардың бірін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жүзеге асырады. 2026-2027 оқу жылына Түркия Республикасы 500 білім квотасын бөлді. Конкурсқа құжат қабылдау 10-15 тамыз аралығында өтеді. Оған мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
  • Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағыттары бойынша олимпиадаларда, жобалар мен талантты оқушылар арасындағы байқауларда жеңімпаз атанғандарға 125 ішкі грант бөлді. Сонымен қатар жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың, сондай-ақ "Атамекен" отбасылық үлгідегі балалар ауылының екі түлегіне оқу ақысын толық өтейтін білім гранты берілді.
  • Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өз конкурстық бағдарламалары бойынша 94 грант қарастырған. EKTU QUIZ-2026 байқауының қорытындысы бойынша Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарының мектеп түлектеріне бір, екі және төрт жылдық гранттар беріледі. Ал "Ақылды Awards 2026" байқауы бойынша "Алтын белгі" иегерлеріне 18 төрт жылдық грант бөлінді. Сондай-ақ Қырғызстан мектептерінің түлектеріне EKTU STAR 2026 және "Выбирай EKTU – выбирай будущее" байқауларының нәтижесі бойынша төрт жылдық гранттар қарастырылған.
  • Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026-2027 оқу жылына 19 ректорлық грант бөлді. Олар жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинап, бірақ мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлерге, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына және IQanat High School of Burabay ішкі олимпиадаларының жеңімпаздарына арналған.
  • С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті талантты талапкерлерді қолдау үшін 20 ректорлық білім грантын бөлді. Олар жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиада жеңімпаздарына және "Зерделі" мектептерінің түлектеріне арналған. Бастама талантты жастарды қолдауға, сапалы жоғары білім алуға және кәсіби дамуға қосымша мүмкіндік жасауға бағытталған.
  • Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 12 жеке білім грантын қарастырса, Рудный индустриялық университеті жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлерге 10 ректорлық грант ұсынады.
  • Қарағанды индустриялық университетінде студенттерге бірінші курстан кейін оқуын университет қаражаты есебінен жалғастыруға мүмкіндік беретін университет гранты бар. Ол жоғары академиялық нәтиже көрсетіп, қоғамдық өмірге белсенді қатысатын студенттерге беріледі. Сонымен қатар 2026-2027 оқу жылында Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы грант тағайындалды. Ол оқу ақысын толық төлеуді және ай сайын 150 мың теңге шәкіртақы беруді қарастырады.
  • Satbayev University әлеуметтік осал топтардан шыққан талантты жастар үшін жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың білім гранттарын тартады. 2025-2026 оқу жылында жасалған келісімдер нәтижесінде 538-ден астам студент жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржылай қолдауына ие болып, оқуын жалғастырған.

Компаниялар грантын бөлуде әлеуметтік осал топтарға жататын студенттерге басымдық беріледі. Олардың қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар азаматтар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ата-анасының бірі мүгедектігі бар немесе мүгедек баланы тәрбиелеп отырған студенттер, сондай-ақ толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар бар. Университет өз гранттары мен оқу ақысына жеңілдіктер де ұсынады.

 

  • Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҰБТ-дан кемінде 100 балл жинаған талапкерлер университет грантына үміткер бола алады. Іріктеу кезінде академиялық жетістіктер, "Алтын белгі" болуы, әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, байқаулар мен ғылыми жобалар сайыстарындағы жеңістері ескеріледі.
  • "Тұран-Астана" университетінде ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған "Алтын белгі" иегерлеріне оқу мерзімінің барлығына ректорлық грант беріледі.
  • Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинап, мемлекеттік білім грантына ие болмаған "Алтын белгі" иегерлеріне 100 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 2026-2027 оқу жылындағы ректорлық грант иегерлерінің саны конкурс нәтижесіне қарай университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен анықталады.
  • Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде грант саны алдын ала белгіленбейді. Жаратылыстану пәндері мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына түскен "Алтын белгі" иегерлері GPA көрсеткіші 3,5-тен төмен болмаған жағдайда оқу мерзімінің барлығына 100 пайыздық жеңілдік ала алады.
  • Кейбір жоғары оқу орындары гранттармен қатар оқу ақысына түрлі жеңілдіктер де ұсынады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде жетім балаларды, мүгедектігі бар студенттерді, университет қызметкерлерінің балаларын, бір отбасынан білім алып жатқан студенттерді және "Алтын белгі" иегерлерін қолдауға бағытталған "Қамқор", "Көмек", "Жәрдем" және "Зерек" бағдарламалары бар. Жеңілдік көлемі 15-тен 100 пайызға дейін.
  • Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жеңілдіктер 14 санат бойынша беріледі. Олар жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан білім алушыларға, университет қызметкерлерінің балаларына, "Алтын белгі" иегерлеріне, олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарына және басқа да санаттарға арналған. Жеңілдік көлемі 20-дан 100 пайызға дейін.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазақстандық университеттердің өздері ұсынатын білім гранттары мен әлеуметтік қолдау шаралары талантты жастарды қолдауға, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға және талапкерлер мен студенттерге қосымша мүмкіндік жасауға бағытталған.

Әр университет грант саны, қатысу шарттары, құжат қабылдау мерзімі мен талапкерлерге қойылатын талаптарды өз бетінше анықтайды. Сондықтан талапкерлерге таңдалған жоғары оқу орындарының ресми сайттарындағы қабылдау ережелерімен алдын ала танысып немесе өзекті ақпарат алу үшін қабылдау комиссияларына хабарласу ұсынылады.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде биылғы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланған болатын.  Кейін министр Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлердің ата-аналарына балаларын қолдау керек екенін жеткізіп, бұл жағдайда не істеуге болатынын айтты.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 08 Тамыз, 2026 11:52