Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

білім гранты иегерлерінің тізімі
Фото: magnific.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімін жариялады. Гранттарды тағайындау туралы шешімді талапкерлердің өтініштерін қараған Республикалық конкурстық комиссия қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Гранттарды кім бөлді?

Мемлекеттік білім гранттарын Республикалық конкурстық комиссия бөлді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім саласындағы кәсіподақтар, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары қауымдастығы және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Биыл грант конкурсына шамамен 127 мың талапкер құжат тапсырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 14 мыңға көп. Соған сәйкес, тегін оқуға түсу бәсекесі де күшейді.

Грант иегерлерінің толық тізімі редакцияның Telegram арнасында жарияланған.

Талапкерлер ең көп таңдаған бағыттар:

  • инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары;
  • педагогикалық ғылымдар;
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (IT).

Ал ең жоғары конкурс аударма ісі, дипломатия, құқықтану, психология және педагогика мамандықтарына тіркелген.

Биыл қанша грант бөлінді?

2026 жылы бакалавриат бағдарламаларына 75 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді.

Олардың ішінде:

  • 60%-ы – инженерлік бағыттарға;
  • 20%-ы – педагогикалық мамандықтарға;
  • 20%-ы – еңбек нарығының сұранысына сай өзге салаларға бағытталды.

Министрліктің мәліметінше, алдағы жылдары Қазақстан экономикасына 883 мыңнан астам жаңа маман қажет болады. Оның ішінде ең үлкен сұраныс инженерлерге, педагогтарға, IT және аграрлық сала мамандарына тиесілі.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау және студенттерді оқуға қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады. Мемлекеттік грантпен білім алған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті. Министрліктің мәліметінше, соңғы екі жылда "Қаржы орталығы" АҚ түлектерге бір миллионнан астам хабарлама және 15 мыңға жуық жазбаша талап жолдаған. Қазіргі таңда соттарда 186 талап-арыз қаралып жатыр, сондай-ақ 3406 шешім бойынша оқу шығындарын мемлекетке қайтару туралы үкім шығарылған.

Грант бойынша міндетті өтеу талабын орындамаған және заңдағы жеңілдіктерге жатпайтын азаматтар мемлекет жұмсаған оқу шығындарын өтеуге міндетті.

Айым Атамбаева
Жұма, 07 Тамыз, 2026 15:11