Ақшасын еселеймін деп вокзал қызметкеріне миллиондап ақша ұстатқан қазақстандықтар гипноз құрбаны болғанын айтты

Қызылорда облысы Қазалы ауданында вокзал қызметкеріне алдандық деген бір топ адам жиналды. Сауда арқылы қаражатты екі еселеп беремін деген 36 жастағы әйелге жұрт миллиондап ақша санап берген. Құрбандардың арасында банктен несие алғандар да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтың құрбандарының бірі Мәншүк Әленова теміржол вокзалында жұмыс істейтін келіншекке қыруар қаражатты қалай санап бергенімді білмей қалдым деп отыр. Жан-дүниеме кіріп, жылы сөздерімен басымды айнылдырғаны соншалықты микроқаржы ұйымдарына қарыз қылды деп қынжылады.
“Алты жерден микрозайм алғызып, бір айдың ішінде жауып беремін деді. Онымен тоқтамай, менің рулас апамның үйіне барып, депозитінде тұрған 250 мың теңге ақшасын шешіп алып, сол жерде кепіл ретінде жерінің құжаттарын тастап кетті. Міне, содан бері ізінде жүргеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Не ақшам жоқ”, – дейді келіншек.
Қазалы ауданында 36 жастағы келіншекке алдандым деп шулап жүрген жандардың саны елуге жуықтайды. Көбі миллион теңгеден берген. Барлығынан тауарға ақша сұрап, сауда арқылы түскен пайдамен бөлісемін, қаражатты екі еселеп беремін деп сендірген.
“Маған қолма-қол 10 мың берді, сосын 8 мың берді. Сөйтіп мені алдап келе жатыр. Маған айтқан соңғы сөзі: “енді мен сенің кредитіңді төлеп отырмын, төлей алсам төлеймін, төлей алмасам мың теңгеден беремін” деп мені мазақ қылып отыр”, – дейді Қазалы ауданының тұрғыны Ғани Бектібаев.
Тұрғындардың айтуынша, әйел теміржол вокзалында кезекші болып қызмет атқарады. Мән-жайды білу үшін оны жұмыс орнына іздеп барғанда вокзал басшысы оның денсаулығына байланысты демалыста екенін айтты. Сондай-ақ қызметкеріме қатысты даудан бейхабармын деп отыр.
“Ол қыз жұмысына келеді. Міндетін инструкция бойынша атқарады. Басқа жеке басындағы жағдайларға менің шаруам жоқ. Білмеймін”, – дейді Қазалы ауданы теміржол вокзалының басшысы Асылбек Қосжанов.
Осы дауға себеп болған әйелдің өзі де табылды. Аты-жөнін атап, бет-жүзін көрсетуге қарсы болған тұрғын барлық қарызымнан құтылдым деп ақталды. Ал полиция жаппай арыз жазған жұртқа сотқа жүгінуге кеңес берді. Қазір бұл іс азаматтық тәртіппен қаралып жатыр. Яғни алдағы уақытта істің ақ-қарасын сот анықтамақ.
