Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа мәдени нысандар салынып, қолданыстағы мекемелер жаңартылды

мәдени нысандар
Фото: ЖИ

Соңғы жеті жылда Қазақстанның мәдениет инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңартылды. Қалалар мен өңірлерде жаңа мәдениет үйлері, театрлар, кітапханалар, музейлер және басқа да нысандар салынды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған мекемелердің ғимараттары қайта жаңғыртылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Бүгінде Қазақстан Республикасында 3 092 мәдениет нысаны жұмыс істейді.

2019–2026 жылдары Қазақстанда 312 мәдениет нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 161 мәдениет үйі, 2 мәдениет сарайы, 89 ауылдық клуб, 3 театр, 15 музей, 32 орталық ("Руханият" орталықтары, өнер орталықтары мен мәдени-демалыс орталықтары), сондай-ақ 10 кітапхана бар.

Жаңа мәдениет нысандары тұрғындардың мәдени қызметтерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, шығармашылықпен айналысуға, білім алуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға заманауи жағдай жасады.

Театр инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры, Түркістан музыкалық-драма театры және Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры жаңа ғимараттарға ие болды.

Ақтөбе мен Қонаевта драма театрларының жаңа ғимараттары салынып жатыр. Сонымен қатар Шымкентте опера театрын, Қызылордада драма театрын, Семейде музыкалық-драма театрын салу жобалары пысықталуда.

Еліміздегі ірі өнер ордалары да жаңартылып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік академиялық орыс театрының ғимараттары қайта жаңғыртылып жатыр.

Музейлер мен тарихи-мәдени нысандардың инфрақұрылымында да елеулі өзгерістер бар. Түркістан облысында "Ордабасы" және "Гауһар ана" сияқты жаңа сапар орталықтары салынып, одан әрі дамытылып келеді. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу орталығы құрылды.

Ірі жобалардың бірі – ашық аспан астындағы "Бозоқ" археологиялық паркі. Бұл жоба қазіргі елорда орналасқан жердің көне тарихына қатысты тарихи-мәдени нысандарды сақтауды және жаңа мәдени-тарихи кеңістік қалыптастыруды көздейді.

Музей инфрақұрылымы да жаңғыртылып келеді. Демеушілер қаражаты есебінен Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне күрделі жөндеу жүргізілді.

Кітапханаларда да жүйелі өзгерістер болып жатыр. Өңірлерде жаңа ғимараттар салынып, күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілуде, материалдық-техникалық жабдықтар жаңартылуда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кітапханаларды жаңғыртудың 2027 жылға дейінгі Жол картасы іске асырылып жатыр.

Өнер саласында білім алатын жастарға жағдай жасау – жұмыстың тағы бір бағыты. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.

Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимараты қайта жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар үш мамандандырылған музыка мектебінің жаңа ғимараттарын салу мәселесі пысықталуда.

Өңірлерде де өнер саласындағы білім беру инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Петропавлда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылды. Өкілдікке арналған 600 орындық жаңа оқу корпусының құрылысы биыл басталады. Шымкентте жаңа Мәдениет және өнер университетін құру жұмысы жүріп жатыр.

Өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы да нығайтылуда. Бұл жұмыс "Қазақстан халқына" қоғамдық қорымен бірлесіп те жүргізіліп келеді және ең алдымен ауыл тұрғындарының мәдениет саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 15:22