Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы қалай жүзеге асып жатыр

Инфрақұрылым, энергетика, ұлттық жоба
Фото: Фото chatGPT көмегімен жасалды

 

Ескірген инфрақұрылымды жаңартып, энергетика мен коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда жаңа ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Үкіметтің 2024 жылғы қаулысымен бекітілген "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы 2025-2029 жылдар аралығында елдегі инженерлік желілерді жаңартуға және саланың тиімділігін арттыруға бағытталған. Stan.kz редакциясы осы бастаманың негізгі бағыттары мен күтілетін нәтижелерін саралады.

 

Жобаның мақсаты қандай?

Жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымы мен энергия өндіру объектілерінде ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Ұлттық жобаның басты индикаторы – инфрақұрылымдардың тозу деңгейін 2029 жылға қарай 40%-ға дейін төмендету.

Оған қоса Ұлттық жоба энергия өндіру қуатын дамытуды, отандық өндірушілерді қолдауды және әлеуметтік осал топтарға жәрдемдесуді, табиғи монополиялар салаларын жетілдіруді, сонымен бірге жұмысты барынша автоматтандыру үшін цифрлы технологияларды енгізуді қамтиды. Осылайша, Ұлттық жобаның басты концепциясы әрі мақсаты коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңарту арқылы оның тиімділігін арттыру және оның жұмысын сенімді ете отырып, халық қолданатын қызметтің сапасын арттыруға бағытталған.

2025 жылдан бастап қандай қадамдар жасалды?

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің дерегінше, 2025 жылдан бастап жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Ұлттық жоба аясында нормативті құқықтық база қалыптасып, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға ауқымды қаражат бөлініп жатыр.

Сонымен қатар инвестициялық жобаларды орындау үшін цифрлық платформа құрылып, отандық өндірушілерді қолдап, жобаларды тиімді үйлестіру бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Жобаны іске асырудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмысы күшейтіліп, Жобалық офис, Қоғамдық кеңес, жеке сайты және байланыс орталығы жұмыс істейді.

"2025 жылы пилоттық жобаларды іске асыру басталды. Оның ішінде жылды қорытындылағанда 5 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл коммуналдық секторға жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 1,1 трлн теңге. Аталған қаражат электр, жылу, су беру және су бұру салаларындағы инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталып отыр. Қазір Ұлттық жоба іс-шараларын нақты іске асыру белсенді жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жобаларды құрып, қаржыландыру тетіктерін пысықтау, шарттық міндеттемелерді жасасу және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуына дайындық жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, Ұлттық жоба іс-шараларын орындау жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте жобалардың басым бөлігі сатып алу рәсімдерінің және құрылыс-монтаж жұмыстарының түрлі кезеңдерінде тұр. Жоспарланған шаралар ретімен жалғасып жатыр", – делінген министрлік хабарламасында.

Қаражат алу үшін табиғи монополия субъектісі қандай рәсімнен өтеді?

Айта кету керек, Ұлттық жоба орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектілерінің, қаржы институттарының және жеке сектордың бірлескен қатысуымен іске асырылып отыр. Ұлттық жоба шеңберінде қаржы операторы болып ұлттық "Бәйтерек" инвестициялық холдингі" АҚ айқындалған. Ал жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізудің барлық кезеңіне техникалық қадағалау ретінде "Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы" АҚ арқылы іске асырылады.

Ұлттық жобаға сәйкес, жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат алу үшін табиғи монополия субъектісі үш кезеңнен тұратын рәсімнен өтуге міндетті.

  • 1-кезең – жобаның орындылығы қаралып, үздік технологияларды қолдану айқындалатын техникалық оператордың салалық қорытындысын алу.
  • 2-кезең – қаржы институттары мен қаржы операторынан жеңілдетілген қаржыландыру шарттары мен көздері бойынша алдын ала мақұлдау алу.
  • Қорытынды кезең – инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға келісім алу.


Бұл ретте, Ұлттық жобаны іске асырудың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық жобаның ресми сайты, жобаның негізгі ақпараттық Modernization.kz платформасы құрылған. Осылайша барлық белгіленген талап орындалғаннан кейін жобаларға қатысуға жіберу Ұлттық жобаның аталған платформасы арқылы іске асырылады.

"Ұлттық жобаны іске асыру мақсаты – энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымға деген сенімділік артып, халық пайдаланатын қызметтердің сапасын арттыру. Жобаның басты нәтижесі және көрсеткіші 2029 жылдың соңына қарай коммуналдық және энергетикалық активтердің тозу деңгейін 40%-ға дейін азайту. Аталған жоба аясында инженерлік желілер мен энергия өндіру объектілері кезең-кезеңімен жаңғыртылып, олардың апаттылығы мен пайдалану шығындары төмендету көзделген. Сонымен қатар цифрлық технологияларды енгізу арқылы ресурсты тиімді басқаруға, коммуналдық қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасау", – делінген министрлік хабарламасында.

Іріктеуден өткен жобаларға қанша инвестиция бөлініп жатыр?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, жобада 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде: энергетикалық секторға – 6,2 трлн теңге; коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңге;

Министрлік желісі бойынша жобада жалпы алдын ала сомасы 1,0 трлн теңгеге шамамен 8 мың км сумен жабдықтау және кәріз желілерін (оның ішінде 5 мың км сумен жабдықтау желісі (0,7 трлн теңге) және 2,8 мың км су бұру желісін (0,4 трлн теңге) жаңғырту және барлығын қосқанда шамамен 0,8 трлн теңгеге 45 КТҚ жобасын іске асыру көзделген.

Бүгінде порталда сумен қамтамасыз ету және су бұру саласында сомасы 640,6 млрд теңге болатын 222 жоба бар (сумен қамту – 275,9 млрд теңге, су бұру – 364,7 млрд теңге). Сонымен қатар:

  • іске асыруға жалпы сомасы 57,6 млрд теңге болатын 17 жоба;
  • 139 млрд теңгенің 60 жобасы екі кезеңді іріктеуден өтті (конкурстық рәсімдерді жариялау сатысында);
  • ll кезеңнен өтуге жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 2 жоба (кешенді бағалау);
  • Жалпы сомасы 130,6 млрд. теңге болатын 28 жоба жиынтығы бойынша І кезеңнен өтеді;

Жалпы сомасы 312 млрд теңгені құрайтын 115 жоба өтінім модулінде қалыптасып жатыр.

Еңлік Сақтан
Жұма, 17 Шілде, 2026 11:00