Орташа жалақысы 440 мың теңге: Қазақстанда шенеуніктердің жалақысы жаңа тәртіппен төленетін болады

Сенатта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын үш жылда бір рет тұрақты өсіруді көздейтін заң жобасы талқыланды. Оған қатысты жалақының қаншалықты өсетіні айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифингте журналистер Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілінен Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің саны мен олардың орташа жалақысы туралы сұрады.
Салауат Мүксімовтің айтуынша, елде мемлекеттік қызметте 83 мың адам жұмыс істейді. Орташа жалақы шамамен 440 мың теңге. Ал ең төменгі жалақы 200 мың теңгеден сәл асады.
“Биыл басшылық құрамға жатпайтын қызметкерлердің жалақысы 16% өсті. Бұл өсім тек сол санаттағы қызметкерлерге қатысты. Мұндай шешімді Үкімет қабылдады”, – деді Мүксімов.
Сонымен қатар ол жалақыны индекстеу 7–10% көлемінде жүргізілетінін айтты.
“Жалақыны көтеру туралы шешімдер ел экономикасына байланысты қабылданады. Сонымен қатар қызметкердің өзі де жалақы өсіміне лайық болуы тиіс.Қызметкердің жеке үлесіне, тағылымдамадан өту нәтижесіне, еңбек тәртібіне және еңбек өтіліне қарай оның лауазымы да, жалақысы да өсуі мүмкін”, – деді ол.
Ал депутат Евгений Больгерт заңнамаға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, кәсіби мамандарды ұстап қалуға бағытталғанын айтты.
Оның сөзінше, енді қызметкерлер бір лауазымда жүріп өсіп, жалақысын арттыра алады.
“Төрт деңгейлі жүйе енгізіліп, жалақы мөлшері қызмет нәтижесіне, оқытуға және тағылымдамадан өтуіне байланысты болады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет индекстеліп отырады”, – деді депутат.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов бұл тәсіл дамыған елдерде бұрыннан қолданылатынын айтты.
Оның айтуынша, жаңа жүйе бойынша қызметкерлер сол лауазымда жүріп, дамып, жоғары жалақы ала алады. Ал бір деңгейден екіншісіне ауысу толықтай автоматтандырылып, “Е-қызмет” жүйесі арқылы жүзеге асады.
ОқыңызЖоспарға сәйкес, төртінші деңгей – базалық. Үшінші және екінші деңгейге өту үшін қызметкер кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Жоғары деңгейге өту үшін қызметкердің жұмысы жақсы бағалануы, тәртіптік жазасы болмауы және қажет оқу мен тағылымдамадан өтуі керек.
Жаңа өзгерістердің тағы бір бөлігі – әлеуметтік қолдау шаралары. Мәселен, басқа елді мекенге ауысқан қызметкерлерге көтерме жәрдемақы мен көшу шығындары өтеледі.
Сонымен қатар еңбек өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік немесе ведомстволық наградалары бар қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт ай көлемінде біржолғы төлем беріледі.
Демалыс күндері де көбейтіледі:
- 10 жылдан бастап – 3 күн;
- 15 жылдан бастап – 5 күн;
- 20 жылдан бастап – 10 күн;
Отбасылық жағдайға байланысты 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс беру де қарастырылған.
Бұдан бөлек, заңда мемлекеттік қызметкерлерді заңсыз жұмыстан шығару немесе қызметін төмендету жағдайында жалақыны немесе айырмасын өтеу тетігі енгізіледі (6 айға дейін).
Сонымен қатар тәртіптік жауапкершілік жүйесі жаңартылып, жеңілдететін және ауырлататын жағдайлар ескеріледі. Жаза мерзімі 2 айдан 6 айға дейін белгіленеді.
Қоса алғанда, ескерту, әңгімелесу және құзыреттілікті тексеру сияқты алдын алу шаралары енгізіледі. Оған қоса мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби қызметіне заңсыз араласудан қорғау күшейтіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әскери қызметкерлерге берілетін материалдық көмек 425 мың теңгеге дейін көтерілетіні туралы жазған едік.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты