Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда автомектептерге қойылатын талаптар күшейтіледі: Олардың бір бөлігі жабылуы мүмкін

Автошкола
Фото: freepik.com

Мәжіліс автомектептерді рұқсат беру режиміне көшіруді мақұлдады. Енді ІІМ жүргізушілердің медициналық деректеріне қол жеткізіп, қарсы көрсетілімі бар азаматтардың көлік басқару құқығын автоматты түрде тоқтата алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс автомектептерге қойылатын талаптарды күшейтетін және жол қауіпсіздігін цифрландыруды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді автомектептер рұқсат беру режиміне көшіп, ІІМ жүргізушілердің медициналық деректеріне қол жеткізе алады.

Мәжіліс жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік, жол қауіпсіздігі және цифрландыру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қолдады.

Құжат автомектептерге рұқсат беру моделіне көшіруді, жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркеуді кеңейтуді және медициналық деректерді ІІМ жүйесіне интеграциялауды қарастырады. Бұл өзгерістер жол қозғалысы саласында ашық цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.

Рұқсат беру режимі

Автомектептер үшін екінші санаттағы рұқсат енгізіледі. Олар арнайы реестр арқылы жұмыс істейді. Бұл нарыққа кіруді қатаң бақылауға, материалдық-техникалық базаны тексеруге, оқытушылар құрамын бағалауға және оқу процесін цифрлық жүйелер арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар автомектептерге қойылатын талаптар күшейеді:

  • арнайы жабдықталған көліктердің болуы
  • автодромның меншікте немесе жалға алынуы
  • білікті инструкторлар құрамы
  • стандарттарға сай оқу бағдарламалары.

Бақылау рұқсат алу кезінде ғана емес, кейінгі жұмыс барысында да жүргізіледі. Заң жобасына сәйкес, жүргізушінің денсаулығында көлік басқаруға қарсы көрсетілімдер анықталса, оның жүргізу құқығы автоматты түрде тоқтатылады. Бұл деректер денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігінің біріктірілген жүйесі арқылы анықталады.

Ресми мәліметке сәйкес, қазір сот шешімімен 988 жүргізуші медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты құқықтан айырылған. Мұндай шаралар жол апаттарының алдын алуға бағытталған.

Емделіп, қайта медициналық тексерістен өткен азаматтар жүргізуші куәлігін қайтара алады.

ІІМ дерегінше, жыл сайын Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан шамамен 40 мың адам жарақат алып, 2,5 мыңға жуық адам қаза табады. 2025 жылы өлім-жітім 10%-ға, ал 2026 жылдың басынан бері 4%-ға төмендеген. Жол апаттарының негізгі себептері:

  • жүргізушілердің тәртіп сақтамауы
  • жол инфрақұрылымының жағдайы
  • көліктердің техникалық ақаулары

Апаттардың 84%-ы елді мекендерде болады, ал олардың 90%-ына жүргізушілердің өздері кінәлі. 2026 жылдың басынан бері 3 млн-нан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркеліп, 5,5 мың мас жүргізуші ұсталған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда автомектептерді тексеру барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталғанын жаздық. Кейбір оқу орындары техникалық тексерістен өтпеген және сақтандырусыз көліктерді пайдаланған. Осылайша, 701 оқу тобының қызметі тоқтатылып, заңбұзушылықтарды жою бойынша талаптар қойылды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 12:09