Қазақстанда балаға берілетін жәрдемақы көрші елдерден бірнеше есе жоғары: Орталық Азияда бала туғаны үшін қанша төлейді?
Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында ана мен баланы әлеуметтік қорғау деңгейі жоғары мемлекеттердің бірі саналады. Елде жүктілік пен босануға байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 2 миллион теңгеден асады. Алайда көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстанда аналарды қолдау жүйесі қалай құрылған? Декреттік демалыс қанша күнге созылады, әйелдерге қандай төлем беріледі және оның көлемі қалай есептеледі? Stan.kz Орталық Азиядағы бес елдің жағдайын салыстырып көрді.
Қазақстан
Қазақстанда ана мен балаға берілетін мемлекеттік қолдау бірнеше төлемнен тұрады. Оның көлемі әйелдің ресми жұмыс істейтініне, әлеуметтік аударымдарына және отбасындағы бала санына байланысты.
Жүктілік пен босануға байланысты төлем
Ресми жұмыс істейтін әйелдер декретке шыққанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алады. Оның мөлшері әйелдің кейінгі 12 айдағы орташа табысына және декрет демалысының ұзақтығына қарай есептеледі.
Қалыпты жағдайда жүктілік пен босануға байланысты демалыс 126 күнге беріледі. 2026 жылы біржолғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары есептік мөлшері 2,499 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл сомадан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады.
Ал ресми жұмыс істемейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты мұндай төлем берілмейді.
Бала туған кезде берілетін жәрдемақы
Бала дүниеге келгенде ананың жұмыс істейтініне қарамастан мемлекет біржолғы жәрдемақы төлейді.
2026 жылы:
- бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаға – 272 475 теңге.
Егіз немесе одан көп бала дүниеге келсе, жәрдемақы әр балаға жеке беріледі.
Жұмыс істейтін анаға бала күтімі үшін төлем
Ресми жұмыс істейтін ата-ананың бірі бала 1,5 жасқа толғанға дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын әлеуметтік төлем алады.
Оның мөлшері кейінгі екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ы негізінде есептеледі. Мысалы орташа табыс 300 мың теңге болса, есептік төлем 120 мың теңге болады. Одан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталған соң қолға шамамен 108 мың теңге түседі.
Жұмыс істемейтін ата-ана қанша алады?
Ресми жұмыс істемейтін ата-аналарға да бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Бірақ оның мөлшері табысқа емес, баланың отбасындағы ретіне байланысты.
2026 жылы:
- Бірінші бала – 24 912 теңге;
- Екінші бала – 29 453 теңге;
- Үшінші бала – 33 951 теңге.
- Төртінші және одан кейінгі бала 38 493 теңге.
Осылайша, Қазақстанда барлық ата-ана бала туған кезде біржолғы жәрдемақы алады. Ал ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударым төлеген азаматтарға бұған қоса жүктілік пен босануға байланысты біржолғы төлем және бала күтіміне арналған ай сайынғы әлеуметтік төлем қарастырылған.

Өзбекстан
Өзбекстанда бала туған кезде біржолғы жәрдемақы да беріледі. 2026 жылдың басындағы мөлшері 893 513 сум (34 793 теңге) болды.
Бұл төлем бірінші бала туған кезде барлық отбасыға беріледі. Ал екінші балаға жәрдемақы отбасы әлеуметтік реестрге енгізілген жағдайда ғана тағайындалады. Үшінші және одан кейінгі балаларға мұндай біржолғы төлем қарастырылмаған.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты бұл жәрдемақы 956 080 сумға (37 229 теңге) дейін көтеріледі.
Жүктілік пен босануға байланысты төлем
Өзбекстанда жүктілік пен босануға байланысты демалыс қалыпты жағдайда 126 күнге созылады: оның 70 күні босанғанға дейін, 56 күні босанғаннан кейін беріледі. Босану қиын өткен немесе екі және одан көп бала дүниеге келген жағдайда демалыс 140 күнге дейін ұзарады.
2026 жылдан бастап жүктілік пен босануға байланысты төлем алу үшін әйелдің кемінде 10 ай сақтандыру өтілі болуы керек.
Төлем көлемі әйелдің орташа табысына ғана емес, сақтандыру өтіліне де байланысты:
- 10 айдан 24 айға дейін – орташа табыстың 75%-ы;
- 25 айдан 60 айға дейін – 85%-ы;
- 61 ай және одан көп – 100%-ы төленеді.
Орташа айлық табыс жәрдемақы тағайындалғанға дейінгі кейінгі 12 айдағы жалақы негізінде есептеледі. Алайда есепке алынатын табыс ең төменгі жалақының он еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Төлем автоматты түрде тағайындалады
Өзбекстандағы жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – әйелге жәрдемақы алу үшін жұмыс берушіге өтініш беріп, құжат жинаудың қажеті жоқ.
Медициналық ұйым электронды еңбекке жарамсыздық парағын жүйеге енгізеді. Одан кейін әлеуметтік сақтандыру жүйесі әйелдің табысы, сақтандыру жарналары мен еңбек өтілі туралы деректерді автоматты түрде тексереді. Шешім қабылданғаннан кейін төлем мөлшері мен мерзімі SMS арқылы хабарланады.
Аз қамтылған отбасыларға бала жәрдемақысы
Өзбекстанда аз қамтылған отбасыларға балаларға арналған ай сайынғы жәрдемақы да бар.
Оның мөлшері:
- үш жасқа дейінгі ең кіші балаға – 360 мың сум (14 018 теңге);
- үш жастан 18 жасқа дейінгі балаға – 275 мың сум (10 708 теңге);
- отбасындағы екінші балаға қосымша – 165 мың сум (6 425 теңге);
- үшінші және одан кейінгі әр балаға қосымша – 110 мың сум (4 283 теңге).
Бұл төлем Қазақстандағы бала күтіміне байланысты барлық жұмыс істемейтін ата-ана алатын жәрдемақының тікелей баламасы емес. Ол тек әлеуметтік қолдауға мұқтаж, аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Бала күтіміне байланысты демалыс
Жүктілік пен босануға берілетін демалыс аяқталған соң әйелдің қалауымен бала екі жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты демалыс беріледі. Бұл кезеңде заңнамада белгіленген тәртіппен жәрдемақы төленеді.
Одан кейін бала үш жасқа толғанға дейін жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуға болады.
Осылайша, Өзбекстанда 2026 жылдан бастап ана болуға байланысты әлеуметтік қолдау сақтандыру жүйесімен тығыз байланыстырылды. Қазақстандағыдай, мұнда да ресми жұмыспен қамтылу маңызды. Алайда Өзбекстанда декреттік төлемнің қанша болатыны әйелдің табысымен қатар сақтандыру өтіліне де тікелей байланысты.
Қырғызстан
Қырғызстанда жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақы жұмыс істейтін әйелдерге, жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалығы мүшелеріне және кей жағдайда ресми жұмыссыз әйелдерге беріледі.
Жұмыс істейтін әйелге алғашқы 10 жұмыс күні үшін орташа жалақысының 100%-ы төленеді. Ал 11-күннен бастап республикалық бюджеттен айына 2 000 сом (10 653 теңге) есебімен жәрдемақы беріледі.
Биік таулы және жетуі қиын шалғай аймақтарда жұмыс істейтін әйелдерге декрет кезеңінің барлығында жалақысының 100%-ы төленеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақының орташа мөлшері 22,9 мың сом (121 988 теңге) болған.
Бала туған кезде берілетін “Балага сүйүнчү”
Қырғызстанда әр бала дүниеге келгенде ата-анасына 4 мың сом (21 308 теңге) көлемінде біржолғы “Балага сүйүнчү” төлемі беріледі. Жәрдемақы отбасының табысына қарамастан тағайындалады.
Ал бір мезетте үш немесе одан да көп бала дүниеге келсе, мемлекет әр балаға 50 мың сомнан (266 349 теңге)төлейді.
Үш жасқа дейін ай сайынғы “Бала ырысы”
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қырғызстанда “Бала ырысы” атты жаңа жәрдемақы енгізіледі.
Ол отбасының табысына қарамастан туғаннан үш жасқа дейінгі барлық балаға беріледі. Жәрдемақы мөлшері – әр балаға ай сайын 1200 сом (6 392 теңге).
Осылайша, бір бала үш жасқа толғанға дейін бұл бағдарлама аясында жалпы 43 200 сом (230 126теңге) ала алады.
Аз қамтылған отбасыларға көмек
Аз қамтылған отбасыларға бұдан бөлек “Үй-бүлөгө көмөк” жәрдемақысы қарастырылған. Ол 16 жасқа дейінгі балалары бар, белгіленген әлеуметтік талаптарға сай отбасыларға беріледі.
Жәрдемақының негізгі мөлшері – әр балаға ай сайын 1200 сом (6 392 теңге). Таулы аймақтарда бұл сома өңірлік коэффициентке байланысты жоғары болуы мүмкін.
Таулы аймақтардағы отбасыларға қосымша қолдау
2026 жылдан бастап Қырғызстанның биік таулы және жету қиын елдімекендерінде тұратын кейбір балалы отбасыларға ай сайын 3 мың сом көлемінде (15 980 теңге) арнайы жәрдемақы қарастырылған.
Биік таулы және шалғай аймақтарда тұратын көпбалалы аналар үшін “Бала Береке” бағдарламасы бар. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші және одан кейінгі баласын дүниеге әкелген әйелдерге беріледі.
Төлем мөлшері:
- төртінші балаға – 100 мың сом (532 699 теңге);
- бесінші балаға – 600 мың сом (3 196 198 теңге);
- алтыншы балаға – 800 мың сом (4 261 597 теңге);
- жетінші балаға – 1 млн сом (5 326 997 теңге);
- сегізінші балаға – 1,2 млн сом (6 392 396 теңге);
- тоғызыншы балаға – 1,5 млн сом (7 990 495 теңге);
- оныншы және одан кейінгі балаға – 2 млн сом (10 653 994 теңге).
Осылайша, Қырғызстандағы жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – 2026 жылғы шілдеден бастап үш жасқа дейінгі балалардың бәріне отбасы табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленуі. Бұған бала туғандағы біржолғы төлем, аз қамтылған және таулы аймақтардағы отбасыларға арналған қосымша қолдау шаралары қосылады.
Тәжікстан
Тәжікстанда бала дүниеге келгенде ата-анаға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі.
Оны алу үшін ата-ананың міндетті түрде жұмыс істеуі талап етілмейді. Сондай-ақ бұл төлемге құқық алу үшін ең төменгі еңбек немесе сақтандыру өтілі белгіленбеген.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептік көрсеткіш 78 сомони болып белгіленді. Соған сәйкес бала туғандағы біржолғы жәрдемақы:
- бірінші балаға – 234 сомони (11 786 теңге);
- екінші балаға – 156 сомони (7 857 теңге);
- үшінші және одан кейінгі балаларға – 78 сомони (7 857 теңге).
Яғни Тәжікстанда біржолғы төлем мөлшері бала саны көбейген сайын азаяды.
Тәжікстанда жүктілік пен босануға байланысты демалыс кемінде 140 күнге беріледі: оның 70 күні босанғанға дейін, тағы 70 күні босанғаннан кейін қарастырылған.
Босану қиын өткен жағдайда босанғаннан кейінгі демалыс 88 күнге, ал көпұрықты босану кезінде 110 күнге дейін ұзарады. Осылайша, жалпы декрет мерзімі тиісінше 158 және 180 күнге дейін жетуі мүмкін.
Жүктілік пен босануға байланысты төлем
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын әйел декрет кезеңінде жалақысының 100%-ы көлемінде жәрдемақы алады.
Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан төленеді және медициналық анықтама негізінде тағайындалады.
Маңыздысы – бұл төлем әйелдің декретке дейін қанша уақыт жұмыс істегеніне немесе босанғанға дейінгі демалыстың қанша күнін пайдаланғанына байланысты емес.
Бала 18 айға толғанға дейінгі төлем
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы бала 18 айға толғанға дейін төленеді.
Бірақ бұл төлем барлық ата-анаға бірдей берілмейді. Оны алу үшін ата-ананың кемінде біреуі әлеуметтік сақтандыру жүйесі қамтитын жұмыста болуы керек.
Бұл төлем бойынша да ең төменгі сақтандыру өтілі талап етілмейді.
Жүкті әйелдерге медициналық көмек
Тәжікстан заңнамасына сәйкес, әйелдерге жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек көрсетіледі.
Осылайша, Тәжікстандағы жүйенің басты ерекшелігі – декреттік демалыстың ұзақтығы және осы кезеңде сақтандырылған әйелге жалақысының 100%-ы көлемінде төлем берілуі. Ал бала туғандағы біржолғы жәрдемақы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолжетімді.
Түрікменстан
Түрікменстанда бала дүниеге келгенде мемлекеттік біржолғы жәрдемақыны анасы, әкесі немесе қамқоршысы ала алады.
Төлем мөлшері отбасында нешінші бала туғанына байланысты:
- бірінші және екінші балаға – базалық шаманың 130%-ы, яғни 676 манат (шамамен 90 мың теңге);
- үшінші балаға – 250%-ы, яғни 1 300 манат (шамамен 173 мың теңге);
- төртінші балаға – 500%-ы, яғни 2 600 манат (шамамен 346 мың теңге);
- бесінші балаға – 600%-ы, яғни 3 120 манат (шамамен 416 мың теңге);
- алтыншы балаға – 800%-ы, яғни 4 160 манат (шамамен 554 мың теңге);
- жетінші балаға – 1000%-ы, яғни 5 200 манат (шамамен 692 мың теңге);
- сегізінші және одан кейінгі балаларға – 1200%-ы, яғни 6 240 манат (шамамен 831 мың теңге).
Яғни Түрікменстанда төлем мөлшері баланың отбасындағы ретіне қарай өсіп, 676 манаттан 6 240 манатқа дейін, яғни шамамен 90 мыңнан 831 мың теңгеге дейін жетеді.
Жүктілік пен босануға байланысты демалыс
Түрікменстанда әйел жүктіліктің 32-аптасынан бастап декреттік демалысқа шыға алады. Оның ұзақтығы кемінде 112 күн: 56 күн босанғанға дейін, тағы 56 күн босанғаннан кейін беріледі.
Босану қиын өткен жағдайда босанғаннан кейінгі демалыс тағы 16 күнге, ал екі немесе одан көп бала дүниеге келсе 40 күнге ұзартылады. Осылайша, көпұрықты босану кезінде демалыс 152 күнге дейін жетуі мүмкін.
Бала туған кезде берілетін жәрдемақы
Түрікменстанда бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы бала үш жасқа толғанға дейін төленеді.
Оның мөлшері әр балаға мемлекеттік жәрдемақыларды есептеуге арналған базалық шаманың 75%-ына тең, яғни айына 390 манат (шамамен 52 мың теңге).
Бұл төлемнің маңызды ерекшелігі – ата-ананың жұмыс істейтініне немесе жұмыс істемейтініне қарамастан беріледі. Жәрдемақыны баланы нақты бағып отырған анасы, әкесі немесе қамқоршысы ала алады. Егер балаға бірнеше адам күтім жасаса, төлем олардың біреуіне ғана тағайындалады.
Осылайша, Түрікменстандағы жүйенің басты ерекшелігі – бала күтіміне байланысты мемлекеттік қолдаудың үш жасқа дейін жалғасуы және бала туғандағы біржолғы жәрдемақының бала саны артқан сайын едәуір өсуі.