Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас сөзсіз жоғары деңгейде – Тоқаев "Синьхуа" агенттігіне сұхбат берді

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қазір бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Президент Қытай мен Қазақстанды ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.

"Қазақ халқы "Жолы бірдің – жүгі бір" дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады. Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткеніне тоқталды. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында
бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір.

"Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз. “Бір белдеу, бір жол" мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді". Қазақстан басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни, бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамыту – ынтымақтастық аясындағы басымдықтардың бірі. "Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан "ақылды кеден" жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз", – деді Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталғанын атап өтті. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды.

2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.

"Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ- қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін", – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет.

"Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам", – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отыр.

"Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның "Біртұтас Қытай" саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ "Орталық Азия – Қытай" форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.

Президент биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударды. Оның пайымдауынша, Ұйымның ең басты құндылығы – өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын "Шанхай рухын" сақтап қалды. Қазақстан Президенті бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік "стандарты" ретінде бағалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына тоқталды. Бұл ретте саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым қатынастар да белсенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың "Мәдениет жылын" өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары, "Лу Бань шеберханалары" табысты жұмыс істеп жатыр. Академиялық ұтқырлық, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары
да кеңейе түсуде.

Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризм саласының дамуына айтарлықтай серпін берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 47%-ға көп.

"Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді”, – деп сөзін түйіндеді Президент.

Сонымен қатар ол Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келетінін атап өтті.ү 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 11:28