Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 400-ге жуық жүк көлігі кезекте тұр

Қазақстан шекара жүк көлігі
Фото: ЖИ

Мемлекеттік кірістер комитеті Жамбыл облысындағы "Қарасу" автомобиль өткізу пунктінде Қырғызстанға бағыт алған 400-ге жуық жүк көлігі кезекте тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомствоның хабарлауынша, кептелістің пайда болуына халықаралық жүк тасымалының маусымдық өсуі және Қырғызстан аумағында жүк көліктеріне қатысты қолданылып жатқан температуралық шектеулер себеп болған.

Өткізу пунктіндегі жағдайды реттеу үшін қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Олар ішкі істер органдарымен бірлесіп көлік ағынын реттеп жатыр, ал жүк көліктерінің бір бөлігі жақын маңдағы басқа өткізу пункттеріне бағытталды. Сондай-ақ қазақстандық тарап Қырғызстанның құзыретті органдарымен байланыста.

"Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушыларға маршруттарды жоспарлау кезінде қазіргі жағдайды ескеруге кеңес береді", – деп хабарлады ведомство.

Жүргізушілер мен тасымалдаушылар үшін мессенджерлерде шекарадағы кептелістер мен балама маршруттар туралы өзекті мәліметтер жарияланатын ақпараттық арна жұмыс істейді. Өткізу пунктінің алдында жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Жағдай комитеттің бақылауында.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 30 Тамыз, 2026 12:36