Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qarmet металлургтері мемлекеттік және өңірлік марапаттарға ие болды

Qarmet компаниясында металлургия комбинаты қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Өнеркәсіптің дамуына қосқан елеулі үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін кәсіпорынның бірқатар қызметкері "Еңбек даңқы" III дәрежелі төсбелгісімен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ашты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өндірісті жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнім көлемін арттыру және жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар саланың одан әрі дамуы білікті мамандарсыз мүмкін емес. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз – барлық жетістіктің негізі", – деді министр.

"Еңбек даңқы" төсбелгісі – саланың ең мәртебелі марапаттарының бірі. Ол көп жылғы адал еңбегі, жоғары өндірістік көрсеткіштері және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін табысталады.

Министр өз сөзінде қазақстандық металлургия саласының стратегиялық маңызын да атап өтті. Бүгінде бұл салада 200 мыңнан астам адам еңбек етеді және ол ел экономикасының 8%-дан астамын қалыптастырады.

Жоғары марапаттарға тау-кен металлургия саласының дамуына ұзақ жылдар бойы сүбелі үлес қосып жүрген жұмысшы және инженерлік-техникалық мамандық иелері ие болды. Олардың қатарында домна пештерінің горновойлары, агломератшылар, өндірістік учаске бригадирлері, машинистер, инженерлер және өзге де мамандар бар.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов металлургтердің күнделікті еңбегі өңір мен елдің индустриялық дамуының берік негізі екенін атап өтті.

Бұдан бөлек ол металлургтердің еңбегі өңір мен ел экономикасының берік негізі екенін баса айтты.
"Дәл сіздердің еңбектеріңіз өңір мен тұтас ел экономикасының іргетасын қалайды. Бүгінде Qarmet жаңа даму кезеңіне қадам басты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Металлург еңбегі артық сөзді қажет етпейді – оның нәтижесі өндірілген металл көлемімен, қабылданған шешімдердің дәлдігімен және жоғары жауапкершілікпен өлшенеді. Жас мамандарға айтарым – тәжірибелі әріптестеріңізден үйреніңіздер, кәсіпорынның еңбек дәстүрін құрметтеңіздер, кәсіби білім мен дағдыларыңызды үнемі жетілдіріп отырыңыздар. Ең бастысы – өндірістегі қауіпсіздік әрдайым бірінші орында болуы тиіс. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Әрбір жетістігіміз еліміздің өркендеуіне қосылған маңызды үлеске айналсын", – деді Ермек Алпысов.

"Жақтау" металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин еңбек ұжымын қолдау мен кәсіпорын қызметкерлерімен ашық диалогты дамыту бірлескен жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін айтты.

"Біз үшін қызметкерлердің пікірін тыңдау, олардың ұсыныстарын ескеріп, өндірістің тұрақтылығы мен әрбір жұмыскердің әл-ауқатына әсер ететін мәселелерді бірлесіп шешу өте маңызды. Бүгін баршаңызға адал еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз және кәсіпорынның дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз ең жоғары құрметке лайық. Өздеріңізге және отбасыларыңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Комбинатымызға тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс, жаңа жетістіктер мен сенімді даму тілеймін. Кәсіпорын мен туған қаламыздың болашағы жарқын болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!", – деді Виктор Щетинин.

Марапатталғандардың қатарында құбыр-электрмен дәнекерлеу цехының ауысым шебері Ардақ Нұралыұлы Сағадиев те бар. Ол кәсіпорындағы еңбек жолын 18 жасында бастаған. Еңбек жолында ажарлаушыдан өндірістік ауысым басшысына дейінгі кәсіби белестерден өтті.

Марапат иегерлерінің бірі, құбыр-электрмен дәнекерлеу цехының ауысым шебері Ардақ Нұралыұлы Сағадиевкәсіпорында 18 жасынан бері еңбек етіп келе жатқанын айтты.

"Кәсіпорында 18 жасымнан жұмыс істеймін. Алғашында ажарлаушы болып еңбек еттім, кейін бригадир болдым. Одан кейін технолог-оператор қызметіне ауысып, ауысыммен жұмыс істедім. Осы жерге келгеннен бері осы ұжымдамын. Бұл кәсіпорын менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгін алғаш рет осындай құрметті марапатқа ие болып отырмын. Әсерім ерекше. Бұл – мен үшін зор мәртебе әрі еңбегімнің бағаланғанының белгісі. Компанияға еңбегімді жоғары бағалағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын", – деді металлург.

Марапатталғандардың қатарында Qarmet металлургия комбинатының теміржол көлігі басқармасының жол монтері Салтанат Дүйсембайқызы Сүлейменова да болды.

"Осындай жоғары марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Әріптестерім үшін де қуаныштымын. Сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Еңбегіңнің лайықты бағаланғаны – ерекше қуаныш. Барша әріптестерімді Металлург күнімен құттықтаймын. Ең бастысы – барлығыңызға зор денсаулық тілеймін!", – деді ол.

Марапаттау рәсімі Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралардың маңызды бөлігінің біріне айналып, Qarmet жетістіктерінің негізінде ең алдымен адамдардың еңбегі тұрғанын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Қызметкерлердің мол тәжірибесі, кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы кәсіпорынның тұрақты дамуына, еңбек дәстүрлерін сақтап, жаңа өндірістік белестерді бағындыруына мүмкіндік беріп келеді.

Stan.kz
Сенбі, 18 Шілде, 2026 13:14