Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда мектеп директоры оқушы қыздарды "ер адамдарды арандатты" деп айыптаған

Оқушылар
Фото: Жасанды интеллект

Қарағандыда 8-сынып оқушысының анасы мектеп директорының қыздарға қысқа белдемше кию арқылы "ерлерді арандататындарын" айтқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сондай-ақ директор қыздарға спорттық аяқ-киімнің орнына биік өкшелі аяқ киім киюге және косметика қолданбауға кеңес берген.

Оқиға туралы әйел Threads желісінде жазды. Оның айтуынша, мектеп директоры сегізінші сыныпта оқитын қыздарды шақырып, сырт келбеттері туралы жиналыс жасаған. 

"Кеше мектеп директоры сегізінші сыныпта оқитын қыздарды, оның ішінде менің қызымды да жинап, оларға сыртқы келбеттері туралы да ақыл айтқан. Бұл сұмдық: “қысқа белдемше кимеңдер, өйткені сендер ер адамдар мен жігіттерді арандатасыңдар. Спорттық аяқ киюді қойыңдар, дене бітімдерің тік әрі сымбатты болуы үшін биік өкшелі аяқ киім кию керек. Косметиканы дискотекаға барғанда жағасыңдар", – деп жазды оқушының анасы.

Бұдан бөлек, әйелдің айтуынша, мектеп директоры темекі шегу мәселесіне де тоқталған. Директор оқушы қыздарды "есепке қоямын" деп қорқытқан көрінеді.

Қарағанды қаласының білім басқармасы мектеп басшылығы оқушылардың сыртқы келбетін, сабаққа қатысуын және ішкі тәртіп ережелерінің сақталуын бақылай алатын хабарлады.

"Аталған міндеттерді орындау аясында сынып жетекшісі білім алушылармен жұмыс істеудің нысандары мен әдістерін өз бетінше анықтайды. Оның ішінде мектептің ішкі тәртіп ережелерін, мектеп формасына қойылатын талаптарды және басқа да белгіленген талаптарды сақтау мәселелері бойынша әңгіме жүргізе алады", – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар басқарма мұндай әңгімелер барысында педагог кәсіби әдеп нормаларын сақтауы тиіс екенін атап өтті.

Аталған әңгімелер барысында педагогикалық әдеп нормалары бұзылды деп есептейтін ата-аналарға мектеп директорына немесе Қарағанды қаласының білім бөліміне жүгіну ұсынылды. Ол үшін мектептің атауын, педагог туралы мәліметтерді және болған жағдайдың мән-жайын көрсету қажет.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 21:54