"Пышақты қалтамнан шығарып, Нұрайға сұқтым": Сотталушының тергеушілерге берген куәлігі мен сотта айтқаны сәйкес келмеді

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Судья Самиддин Темірәлиев оның тергеушілерге айтқан куәлігі мен сотта айтқанында айырмашылық бар екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысында судья Шерхан Аймаханның тергеу барысында берген жауабын оқып берді. Онда сотталушы 2026 жылы 11 қаңтарда отбасы мүшелерімен бірге бесік тойға барғанын, сол жерде жүріп Нұрайға Telegram арқылы жазғанын айтқан.
Оның айтуынша, Нұрай кешкі уақытта ауылдан қалаға шыққанын хабарлаған. Осыдан кейін ол алдымен туыстарын үйіне жеткізіп, кейін көлікпен қыздың үйіне барған.
Тергеудегі жауапқа сәйкес, Шерхан Аймахан көлігін көпқабатты үйдің алдына қойған. Сол кезде Алматыдан сатып алған, қара түсті қапқа салынған пышақты көліктің бардачогынан алып, үстіндегі киімінің қалтасына салып алған.
Күдіктінің сөзінше, көп ұзамай Нұрай сыртқа шыққан. Ол қызды Президент саябағына серуендеуге шақырған. Десе де Нұрай үндемей үйіне қарай бет алған.
“Ал мен Нұрайдың артынан “Тоқташы” десем, сөзіме құлақ аспай, тыңдамай кетіп бара жатты. Содан не себепті олай істегенімді білмеймін, екі көпқабатты үйдің арасынан өтіп бара жатқан кезде, қалтамдағы пышақты шығарып, Нұрайға қарай тыға бастадым", – делінген тергеу хаттамасында.
Одан кейінгі оқиғаны сипаттаған тұста Шерхан Аймахан пышақты нақты қалай сұққанын есіне түсіре алмайтынын айтқан.
“Пышақты тыққаным есімде жоқ. Бірнеше рет пышақты тыққаным ғана есімде. Содан кейін бірден көлікке отырып, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қасымбек датқа ауылына қарай кеттім”, – деген ол.
Тергеу кезіндегі жауабында күдікті ауылдағы мешіт маңында тоқтағанын, сол кезде қолының кесілгенін байқағанын және кейін өзіне қол жұмсамақ болғанын да айтқан.
“Көлікте отырып, Нұрайға тыққан пышақпен өзіме қол жұмсамақшы болдым. Бірақ батылым жетпеді. Кейін көлікті бір көшеге қалдырып, телефонымды және басқа заттарды тастадым. Екі пышақты және көліктегі көрпені алып, сайға түсіп кеттім. Сол жерде бір күн отырдым. Кейін полиция қызметкерлері тауып, Абай аудандық полиция басқармасына жеткізді”, – деп көрсетілген хаттамада.
Алайда сот отырысында судья бұл жауаптың сотталушының қазіргі ұстанымына қайшы келетінін айтты.
Судьяның сөзінше, Шерхан Аймахан сотта оқиғаның көп бөлігін есіне түсіре алмайтынын және аффект жағдайында болғанын мәлімдеген. Ал тергеу кезінде ол оқиғаның қалай өрбігенін егжей-тегжейлі баяндаған.
“Кеше бізге “ештеңе есімде жоқ, аффект жағдайында болдым” дедіңіз. Ал мына жауапта екінші пышақты алғаныңызға дейін бәрін рет-ретімен айтып отырсыз. Қай жауабыңыз дұрыс?”, – деп сұрады судья.
Өз кезегінде Шерхан Аймахан бұл жауапты “тергеуші жазған” деп қысқа қайырды.
Алайда судья тергеу барысында сотталушының адвокаты қатысқанын, хаттамада қорғаушының қолы бар екенін еске салды. Мұндай жағдайда жауаптың қысыммен жазылғаны туралы уәждің күмән тудыратынын айтты.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Астанада нөсер жаңбырдан кейін әйелдің 35 миллион теңгелік көлігі жарамсыз болып қалды