Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тамыздың алғашқы күндері +40 градусқа дейінгі аптап ыстық сақталады

Ыстық ауа райы
Фото: depositphotos.com

“Қазгидромет” синоптиктері 1, 2 және 3 тамызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Болжамға сәйкес, алдағы үш тәулікте Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады. Елдің басым бөлігінде аптап ыстық сақталғанымен, кей өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және екпінді жел соғуы мүмкін.

Синоптиктер ең жоғары температура оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс және орталық өңірлерде тіркеледі деп болжады. Бұл аймақтарда күндіз ауа температурасы +35…+40 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Аптап ыстыққа қарамастан, атмосфералық жағдай тұрақсыз болады. Қазақстанның басым бөлігінде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады.

Ал солтүстік және орталық облыстарда кей жерлерде нөсер жауын күтіледі. Жаңбыр бұршақ пен екпінді желге ұласуы мүмкін.

Ауа райындағы алғашқы өзгеріс елдің батысында байқалады. 1 тамыздан бастап бұл өңірге салқын ауа массасы еніп, температура аздап төмендейді. Дегенмен ауа температурасы климаттық қалыпты көрсеткіштен жоғары болып қала береді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 15:10