Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропадағы ең қарт ер адам 112 жасында өмірден өтті

Витантоньо Ловалло
Фото: Focus.ua

Италиядағы ең қарт ер адам саналатын Витантоньо Ловалло 112 жасында дүниеден өтті. Ол өмірінің көп бөлігін Потенца провинциясындағы Сарнелли елді мекенінде өткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Corriere Della Sera-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Витантоньо Ловалло 1914 жылы дүниеге келген. Биыл 25 наурызда 112 жасқа толған еді. Жастық шағында қой бағып, кейін қашыр айдаушы болып еңбек еткен.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол әскер қатарына шақырылған. 1943 жылғы 8 қыркүйектен кейін Грекияда неміс әскерінің қолына түсіп, алдымен Родос аралында ұсталған. Кейін Германиядағы концлагерьге жіберілген. 1945 жылғы 8 мамырда кеңес әскері келгеннен кейін тұтқыннан босатылған.

Соғыс аяқталған соң Ловалло туған жері – Италияның Базиликата өңіріне оралып, отбасын құрды. Оның екі қызы мен бір ұлы болған.

Авильяно қаласының мэрі Джузеппе Мекка марқұмның ұзақ ғұмыры көпке үлгі болғанын атап өтті.

“Оның қарапайымдықпен, қайсарлықпен, отбасы мен туған жеріне деген сүйіспеншілікпен өткен ұзақ ғұмыры бәріміздің жүрегімізде сақталады”, – деді қала басшысы.

Витантоньо Ловаллоны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 17 қыркүйекте Сарнеллидегі Сан-Винченцо-Феррер шіркеуінде өтеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 09:39