“Адами фактор”: Атыраулық ана ауруханада дәрі-дәрмек шатастырылғанын мәлімдеді
13 жастағы Аңсар Жаңабай ауыр менингоэнцефалитпен ауырып, Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында екі аптадан астам ем қабылдаған. Баланың анасы Әйгерім Сұлтанова емдеу кезінде дәрі-дәрмекке қатысты бірнеше түсініксіз жағдайға тап болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “АқЖайыққа” сілтеме жасап хабарлайды.
Барлығы тамыз айының соңында басталған. Әйгерім Сұлтанованың айтуынша, бірнеше күн бойы ауырған ұлы 29 тамызда Индер аудандық ауруханасының күндізгі стационарында жатқанда кенеттен нашарлап кеткен. Баланың дене қызуы 41,4 градусқа дейін көтеріліп, құрысу мен құсу басталған. Аңсар сандырақтап, айналасындағыларға дұрыс жауап бере алмай қалған.
Анасының сөзінше, дәл осы сәтте балаға қажетті көмек бірден көрсетілмеген. Ұлының жағдайы күрт нашарлағанда, ол біраз уақыт баласымен жалғыз қалғанын, тиісті мамандардың кейін келгенін айтады. Осыған байланысты Әйгерім Индер аудандық ауруханасы қызметкерлерінің әрекетін де тексеруді сұраған.
Сол күні Аңсар Атырауға жеткізілді. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында оған бактериялық менингоэнцефалит диагнозы қойылған. Әйгерім редакцияға ұсынған медициналық құжатта баланың ауруханаға түскен кездегі жағдайы "ауыр" деп көрсетілген.
Аңсар екі аптадан астам уақыт ем қабылдап, жағдайы біртіндеп жақсара бастаған. Алайда анасы осы уақыт ішінде дәрі-дәрмекке қатысты бірнеше күмәнді жағдай болғанын айтады. Содан кейін ол баласына берілетін әр дәріні өзі тексеріп отыруға мәжбүр болған.
Осындай жағдайлардың бірін Әйгерім суретке түсіріп алған. Оның айтуынша, ұлына екі бөлек қалтаға салынған дәрі әкелінген. Екі қалтада да баланың аты-жөні мен "Аспаркам" деген бірдей атау жазылғанымен, ішіндегі таблеткалардың түсі әртүрлі болған: бірі ақ, екіншісі қызыл.

Дәрілердің түсінің әртүрлі болуы міндетті түрде қателік кеткенін білдірмейді. Өйткені бір препараттың сыртқы көрінісі өндірушісіне қарай өзгеруі мүмкін. Дегенмен Әйгерім осы жағдайға байланысты шағымданғаннан кейін аурухананың бас дәрігері Нұрбек Үкібаевтың өзіне келгенін айтады.
"Ол мұны "адами фактор" деп түсіндірді. Балам ол дәріні ішіп үлгермегендіктен, ештеңе болмағанын айтты", - дейді Әйгерім Сұлтанова.
Анасының сөзінше, мұндай жағдай мұнымен аяқталмаған. Емдеу кезінде баласына бір дәрінің басқа мөлшері әкелінген. Тағы бір жолы дәрігер тоқтатқан препаратты қайта енгізбек болғанын айтады.
Редакцияның қолында дәрілер мен дәрігер тағайындаған ем жазылған парақтардың суреттері бар. Алайда бұл фотосуреттерге қарап, медициналық қателіктің болған-болмағанын өз бетінше анықтау мүмкін емес.
Әйгерімнің есінде ерекше қалған тағы бір жағдай "Биовен" иммуноглобулиніне қатысты. Бұл препарат Аңсарға бірнеше күндік ем ретінде тағайындалған. Оның қолданылғаны медициналық үзінді көшірмеде де көрсетілген.
Сұлтанованың айтуынша, алғашқы екі күнде дәрі құтылары баланың көзінше ашылған. Ал үшінші күні медицина қызметкерлері аузы ашылып, мақтамен жабылған құтыларды әкелген.
"Маған медбикенің дәріханада шатасып, дәріні шприцке тартып алғанын, кейін оны қайтадан құтыға құйғанын айтты. Сондай құтылардың біріндегі дәріні балама енгізді. Екіншісін мен қарсылық білдіргеннен кейін ғана жаңасына ауыстырды", — дейді баланың анасы.
Редакцияға ашылған дәрі құтысының суреттері де берілген. Дегенмен фотосурет арқылы дәрінің қалай дайындалғанын және оны қолдану кезінде тазалық талаптарының бұзылған-бұзылмағанын анықтау мүмкін емес.
Емнің соңына қарай Әйгерімнің тағы да сұрақтары туындаған. Оның айтуынша, кейінгі күндері баласы қайта құсып, дене қызуы аздап көтерілген. Сол кезде дәрігерлер антибиотикті ауыстыру мәселесін талқылаған. Алайда Әйгерім жаңа дәрінің не үшін тағайындалатынын түсіндіруді сұрап, оны қолдануға бірден келіспеген.
Медициналық құжаттарда емнің кейінгі күндері біршама басқаша сипатталған. Үзінді көшірмеде 15 қыркүйекте дәрігерлер кеңесі өткені, содан кейін баланы келесі күні тұрғылықты жері бойынша дәрігердің бақылауына шығару ұсынылғаны жазылған.
16 қыркүйекте ауруханадан шыққан кезде Аңсардың жағдайы "тұрақты", дене қызуы "қалыпты" деп көрсетілген. Емнің нәтижесі "жақсарды" деп бағаланған.
Демек редакцияға ұсынылған медициналық құжаттар баланың ауруханадан ауыр жағдайда немесе аяқ астынан шығарылғанын растауға мүмкіндік бермейді. Алайда бұл құжаттар анасы айтқан дәрі-дәрмекке қатысты жағдайларға да жауап емес.
Ауруханадан шыққаннан кейін отбасы үшін баланы оңалту мәселесі алдыңғы орынға шыққан. Әйгерім ауыр дерттен айыққан ұлын облыстан тыс жердегі мамандандырылған орталық дәрігерлеріне көрсеткісі келеді.
Оның айтуынша, ауруханадан берілген алғашқы үзінді көшірмеде оңалту емі туралы ұсыныс болмаған. Сондықтан Әйгерім баласының әрі қарайғы емін құжатта көрсетуді талап етіп, ауруханадан шығудан бас тартқан. Анасының сөзінше, осыдан кейін құжат қайта жазылған.
Үзінді көшірменің соңғы нұсқасында медициналық оңалту туралы ұсыныс бар. Алайда баланың оңалту емін Атырау облыстық балалар ауруханасында қабылдауы ұсынылған. Әйгерімнің айтуынша, кейін Индер аудандық ауруханасы Астана мен Алматыдағы медициналық орталықтарға да сұрау жіберген.
Ана үшін баласының нақты қай қалада ем қабылдайтыны емес, оны осындай дертпен ауырған балаларды емдейтін білікті мамандарға көрсету маңызды. Баласының басынан өткен құрысу ұстамалары мен ауыр науқастан кейін ол мұндай жағдайдың қайталануынан қорқатынын айтады.
"Астана болмаса, тым болмаса Алматыға апарғым келеді. Ол жақта да неврологиялық орталық бар екенін айтты. Ана ретінде құрысу қайта бастала ма деп қатты қорқамын. Баламның басынан өткен жағдайдан кейін дене қызуының сәл көтерілуінің өзі мені алаңдатады. Оны толық тексеріп, оңалту ісімен дәл осындай балалармен жұмыс істейтін мамандар айналысқанын қалаймын", — дейді Әйгерім Сұлтанова.
"Ақ Жайық" редакциясы Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, балаға көрсетілген медициналық көмек, анасының дәрілердің шатастырылғаны туралы мәлімдемесі, медицина қызметкерлерінің әрекеті және Аңсарды оңалту мәселесі жөнінде түсініктеме сұраған.
Алайда басқарма бұл жағдайларға қатысты нақты жауап бермеген. Мекеме өкілдері науқастың денсаулық жағдайы, диагнозы, тексеру және емдеу нәтижелері дәрігерлік құпияға жататынын мәлімдеген.
Сонымен бірге басқарма диагноз бен медициналық талдау нәтижелерін жариялауды қажет етпейтін бірқатар сұрақты жауапсыз қалдырған. Атап айтқанда, Әйгерім Сұлтанованың дәрілердің шатастырылғаны туралы шағымы тексерілді ме, мұндай жағдайлар медициналық оқиға ретінде тіркелді ме және қызметкерлердің әрекетіне қатысты ішкі тексеру жүргізілді ме деген сауалдарға жауап берілмеген.
Қазір Әйгерім ұлының оңалту емін жалғастыру үшін қолайлы медициналық орталық іздеп жүр. Баласының жанында ауруханада үш аптаға жуық уақыт өткізген ананы енді дәрігерлермен арадағы дау емес, Аңсардың ауыр дерттен кейін қайда және қалай оңалатыны көбірек алаңдатады.
Қазақстанда үйді міндетті сақтандыру қалай жұмыс істейді: Жылына қанша төлеп, апат болса қанша ақша алуға болады
