Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 10 миллион теңге жүлде қоры тігілген Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 турнирінің финалы өтті

Фото: Halyk

Алматыда Қазақстанның киберспорт командаларын, танымал блогерлер мен стримерлерді және ойын қауымдастығын біріктірген Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 республикалық киберспорт турнирінің финалы өтті. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының он жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралардың біріне айналған турнир алаңында Қазақстанның үздік киберспорт командалары Counter-Strike 2 ойыны бойынша бақ сынасты.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Жарыс форматына командалар арасындағы 5х5 бәсекесімен қатар, 2х2 форматындағы ойындар да енгізілді. Бұл турнирдің жаңашылдықтарының бірі болып, компьютерлік ойын әуесқойларының іріктеу кезеңдеріне көптеп қатысуына мүмкіндік берді.

Турнир алаңында жарысқа қатысушылар мен қонақтарды танымал компьютерлік ойындардың кейіпкерлері қарсы алды. Айта кету керек, киберспорт бірнеше онжылдық ішінде жергілікті жарыстардан ондаған миллион ойыншы мен жанкүйерді біріктіретін, айналымы миллиардтаған долларды құрайтын жаһандық индустрияға айналды.

Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 турнирінің басты ұйымдастырушылары Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Алматы қаласының цифрландыру басқармасы болды. Турнирді "University Alliance of Science and Technology" жоғары оқу орындары альянсы, NNEF қоғамдық қоры және Студенттік киберспорт жөніндегі ұлттық қауымдастық (NESA) қолдады. Киберспортшылар үшін жарысқа қатысу тегін болды. Қатысушылар iPlay Esports платформасы арқылы тіркелді. Биыл турнирге барлығы 204 команда құрамында 1000-нан астам қатысушы қатысты. Олардың қатарында ашық жарыстардың ойыншылары, танымал блогерлер, стримерлер мен қазақстандық өнер иелері бар.

Фото: Halyk

Финалдың ашылу салтанатындағы ерекшеліктердің бірі классикалық би өнері мен цифрлық технологияларды ұштастырған шоу-бағдарлама болды.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшаиқовтың айтуынша, қор турнир алаңы арқылы Қазақстанның жас ұрпағымен диалогты дамытып келеді. Өйткені қазіргі әлемде киберспорт әлдеқашан жай ғана әуестік болудан қалып, цифрлық құзыреттерді дамытудың маңызды бағытына айналды.

"Цифрлық дағдылар – Қазақстан жастарының мықты қырларының бірі. Бүгінде осы турнирге қатысып жүрген жастардың кейбірі алдағы уақытта халықаралық аренада еліміздің намысын қорғауы мүмкін. Қазір Корея, Жапония, Сингапур сияқты дамыған елдер киберспортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, оны мемлекеттік саясаттың бағыттарының біріне айналдырып отыр. Halyk қоры да бұл бағытты басым бағыттардың бірі ретінде айқындады. Компьютерлік ойындар мен киберспорт жарыстары арқылы жастардың Қазақстанның әлеуметтік және цифрлық дамуына деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Halyk Cyber Games тұрақты түрде өтетін республикалық жобаға айналады деп сенеміз", – деді Нариман Әбілшаиқов.

Жобаның тарихы 2020 жылы Студенттік киберспорт жөніндегі ұлттық қауымдастық (NESA) KESL атауымен студенттер арасында турнирлер өткізе бастаған кезден басталады. 2022 жылы бұл бастама Almaty Cyber Games форматына ұласты, ал 2025 жылдан бастап жоба Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен дамып келеді. 2025 жылы Almaty Cyber Games негізгі жарыстарының маусымдарына 2200-ден астам киберспортшы қатысты. Ал мини-турнирлерде 1700-ден астам қатысушы жеңіс үшін бақ сынады. Жобаға 36 жоғары оқу орны тартылып, медиа-қаралымдардың жалпы саны 10,7 миллионнан асты.

Фото: Halyk

2026 жылдың көктемінде Qazaqstan Cyber Games Students League онлайн-іріктеу кезеңіне Қазақстанның 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1500-ден астам студент қатысты. Финал 18 сәуірде Astana IT University алаңында өтті. Келесі кезең қыркүйекте өткен Media & Cup болды. Жоба алғаш рет Halyk Cyber Games брендімен ұйымдастырылып, осылайша студенттік киберспорттан бастау алған бастаманың дамуын жалғастырды.

Киберспорт жанкүйерлері үшін Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 турнирі жарысты офлайн форматта тамашалауға тағы бір мүмкіндік болды. Көрермендердің бірі турнир финалына қатысып жатқан жерлесін қолдау үшін досымен бірге Ақтаудан Алматыға арнайы келгенін айтты.

Турнирдің басты сахнасында командалар жеңіс үшін бақ сынаған болса, Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 аясында жарысқа келген атыс ойындарының әуесқойлары арасында да сайыстар өтті.

Фото: Halyk

Студенттік киберспорт жөніндегі ұлттық қауымдастықтың президенті Рахматулло Сайдуллаевтың айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстандағы киберспорт жекелеген жарыстар мен студенттік бастамалардан қазір ел бойынша студенттерді, тәжірибелі ойыншыларды, блогерлерді, стримерлер мен көрермендерді біріктіретін ауқымды экожүйеге дейінгі жолдан өтті.

"Біз үшін Halyk Cyber Games жобасының тек сандық тұрғыдан ғана емес, мазмұндық жағынан да дамып келе жатқаны маңызды: жаңа форматтар пайда болып, қатысушылардың географиясы кеңейіп жатыр. Ал киберспорт технологиялар мен цифрлық индустрияға қызығатын жастардың басын қосатын алаңға айналуда. Биыл алғаш рет ұсынған 2×2 форматы жарысқа қатысуды одан әрі қолжетімді етіп, жаңа ойыншыларға өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашты. Біздің міндетіміз – Қазақстанның барлық өңіріндегі жастар тек жарысып қана қоймай, командалық жұмыс, стратегиялық ойлау, цифрлық дағдыларын дамытып, кәсіби тұрғыда өсуге жаңа мүмкіндіктерге ие болатын орта қалыптастыру", – деді ол.

Турнир алаңында көрермендер мен қонақтар Counter-Strike ойынындағы тартысты бәсекені тамашалап қана қоймай, өз күштерін сынап көре алды немесе танымал автодромдардың виртуалды трассаларында жарыс көліктерін басқару дағдыларын шыңдай алды.

Раундтар арасындағы үзілістерде қатысушылар мен көрермендер қол күрестен мықтыны анықтау үшін бақ сынасты.

Фото: Halyk

Әр раунд, әр карта сайын Алматының Omega және Астананың Rune Eaters командалары арасындағы тартыс шиеленісе түсті. Бәсеке тартысты өтіп, бастама бірде бір команданың, бірде екінші команданың пайдасына ауысып отырды. Бірінші картада Omega бестігі сенімді жеңіске жетсе, екінші картадағы ойын нағыз "әткеншекке" айналды. 

Екінші картаның алғашқы минуттарынан-ақ елордалық команда бастаманы өз қолына алды. Rune Eaters пайдасына ұпай айырмасы тез өсе түсті. Алайда кейін алматылықтар қарсыластарының тактикасына қарсы айла тауып, елордалық команданың басымдығынан азая түсті. Бәсеке бірде бірінші, бірде екінші команданың пайдасына өзгеріп, есептегі айырма бір ұпайдан аспады. Нәтижесінде екінші картадағы жеңіс елордалық командаға бұйырды. Барлығы үшінші картада шешілді. Онда Omega бастапқыда ірі есеппен алға шыққанымен, кейін бастаманы уысынан шығарып алды. Мұны қарсыластары тиімді пайдаланып, бірнеше матч-пойнтты қайтарып алды.

Фото: Halyk

Omega командасының капитаны Санжар Талғаттың (aka def1zer) айтуынша, турнир қатысушыларға ерекше әсерлі эмоциялар сыйлады.

"Жалпы, ойын өте жақсы өтті. Эмоциялар керемет болды. Шынымды айтсам, қарсыластарымызды атап өткен жөн – команда жақсы ойнады. Олар жақында құрамын күшейткен екен, бұл олардың ойын деңгейіне айтарлықтай әсер етті. Біз жеңіл ойын болады деп күткен жоқпыз, өйткені мұндай турнирлерде оңай ойын болмайды. Сондықтан бәсеке қиын өтті, ойын сәл жоспарымыздан тыс өрбіді. Себебі қарсылас команда біздің ойынымызға бейімделе алды. Нәтижесінде көрерменге тартымды ойын болды. Барлығына ұнады деп үміттенемін. Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 турниріне қатысу арқылы біз маңызды рейтингтік ұпайларға ие болдық. Бұл бізге бәсекелестіктің жоғары деңгейіне шығуға мүмкіндік береді. Осы үшін турнир ұйымдастырушылары мен серіктестеріне ерекше алғысымызды білдіреміз. Бізге бәрі ұнады. Компьютерлер де, барлық жағдай да талапқа сай болды, бәрі керемет. Көрермендер өте көп болды, олардың қолдауын бағаламау мүмкін емес", – деді матчтан кейін Omega командасының капитаны Санжар Талғат.

Media санатында CS2 бағыты бойынша T4iPa командасы жеңімпаз атанып, 2 миллион теңге көлемінде жүлде алды. Ал екінші орын алған SixSeven командасына 1 миллион теңге табысталды. Киберспорт әуесқойлары арасындағы 2х2 форматында 2k_plus_2k және BRATAN TEAM HCG CUP 2x2 командалары бақ сынады. Бұл бәсекеде "братандар" жеңіске жетіп, бірінші орын үшін 700 мың теңге алды. Ал екінші орын алған 2k_plus_2k командасы турнир ұйымдастырушыларынан 300 мың теңге жүлдеге ие болды.

Фото: Halyk

Halyk Cyber Games Media & Cup 2026 финалының басты матчында Omega және Rune Eaters командалары кездесті. Жеңіске жеткен алматылық Omega командасы 3 миллион теңге жүлде алса, Астанадан келген қарсыластары екінші орын үшін 2 миллион теңгені елордаға алып қайтты.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 10:00