АҚШ үш жылдан кейін алғаш рет пайыздық мөлшерлемені көтерді
АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі базалық пайыздық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа көтеріп, 3,75–4% деңгейіне жеткізді. Бұл – 2023 жылдан бергі алғашқы өсім. Шешім ФРЖ басшылығы тарапынан бірауыздан қабылданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Кевин Уорш мұндай қадамға елдегі инфляцияның әлі де жоғары деңгейде сақталуы себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, бағаның ұзақ уақыт бойы қымбаттауы реттеушіні қатаң ақша-несие саясатына қайта оралуға мәжбүрлеп отыр.
"Инфляция тым жоғары және бұл жағдай тым ұзаққа созылды. Сондықтан қабылданған шешімді салмақты әрі жауапты қадам деп санаймыз", – деді Кевин Уорш.
ФРЖ-ның негізгі мақсаты – инфляцияны 2% деңгейінде ұстау. Алайда Уорштың айтуынша, АҚШ-та баға өсімі осы межеден бес жылдан астам уақыт бойы жоғары болып келеді. Сондықтан келер уақытта да мөлшерлемені көтеру мәселесі күн тәртібінде қалуы мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шешімге көңілі толмайтынын ашық білдірді. Ол пайыздық мөлшерлеме керісінше төмендетілуі керек деп есептейді.
"АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме 1% немесе одан да төмен болуға тиіс. Бізде әлемдегі ең сенімді кредиттік рейтинг бар", – деді Трамп.
Кейін ол Truth Social желісінде де Федералдық резерв жүйесін пайыздық мөлшерлемені тез арада төмендетуге шақырды.
Ақ үй бұған дейін ФРЖ-ның үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтінін бірнеше рет мәлімдеген. Соған қарамастан, Дональд Трамп кейінгі жылдары орталық банктің ақша-несие саясатын жиі сынап келеді. Ол бұған дейін ФРЖ-ны басқарған Джером Пауэллді де мөлшерлемені төмендетпегені үшін сынға алған еді.
Экономистер орталық банктер инфляция күшейген кезде пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы халықтың шығынын азайтып, жинақ көлемін арттыруға тырысады деп түсіндіріп отыр. Несие қымбаттаған сайын тұтыну мен инвестиция баяулап, соның есебінен баға өсімін тежеу көзделеді.
АҚШ-та инфляция мәселесі әсіресе қарашада өтетін Конгреске аралық сайлау қарсаңында өзекті болып отыр. Халықты азық-түлік, жанармай және күнделікті қызметтердің қымбаттауы алаңдатады. Елде дизель отынының бағасы рекордтық деңгейге жетсе, бензиннің орташа құны бір галлон үшін 4 доллардан асқан.
Мұнай бағасының көтерілуі де инфляцияға қосымша қысым түсіріп отыр. АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысынан кейін әлемдік нарықта мұнай күрт қымбаттап, бұл жанармай мен басқа да тауарлар мен қызметтердің бағасына әсер еткен.
Кевин Уорш ФРЖ мұнай немесе дүкендегі белгілі бір тауардың бағасын тікелей өзгерте алмайтынын айтты. Дегенмен орталық банк баға өсімінің бүкіл экономикаға таралуына жол бермеуге тырысады.
Оның сөзінше, АҚШ-та еңбек нарығы мен экономика әзірге жеткілікті деңгейде тұрақты. Сондықтан ФРЖ қазір негізгі назарды баға тұрақтылығына аударып отыр. Инфляцияның төмендеуі, әсіресе, табысы төмен отбасылар үшін маңызды болмақ.
Пайыздық мөлшерлеменің өсуі қарапайым америкалықтардың несиесіне де әсер етеді. Өйткені банктер ипотека, тұтынушылық несие және басқа да қарыз түрлері бойынша мөлшерлемелерді ФРЖ саясатына қарай белгілейді.
Шешім жарияланғаннан кейін АҚШ-тың бірқатар ірі банкі негізгі кредиттік мөлшерлемесін 6,75%-дан 7%-ға дейін көтерді.
Кевин Уорш алдағы уақытта пайыздық мөлшерлеменің нақты қай бағытта өзгеретінін айтқан жоқ. Дегенмен бірқатар сарапшы жыл соңына дейін көрсеткіш тағы өсіп, 4–4,25% жетуі мүмкін деп есептейді.
Кей болжам бойынша, келесі жылы мөлшерлеме 4,25–4,5% дейін көтерілуі ықтимал. Ал инфляция біртіндеп бәсеңдесе, 2028–2029 жылдары ақша-несие саясаты қайта жұмсаруы мүмкін.
ФРЖ келер жылдары баға өсімі баяулап, инфляция 2029 жылға қарай 2% межесіне қайта оралуға тиіс деп болжап отыр.
Айта кетейік, АҚШ инфляция күшейген жалғыз ел емес. Бұған дейін Еуропалық орталық банк те мөлшерлемені көтерді. Ал Англия банкі де ақша-несие саясатына қатысты кезекті шешімін жариялауға дайындалып жатыр.
Қазақстанда үйді міндетті сақтандыру қалай жұмыс істейді: Жылына қанша төлеп, апат болса қанша ақша алуға болады
