Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада нөсер жаңбырдан кейін әйелдің 35 миллион теңгелік көлігі жарамсыз болып қалды

жаңбыр
Фото: Видеодан скрин

Астаналық 23 шілдеде жауған жаңбырдан кейін көлігі су астында қалып, шамамен 35 миллион теңге шығынға ұшырағанын айтты.  Ол кінәлі тұлғаларды анықтап, жауапқа тартуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Төтенше жағдай жариялауы керек еді”

Елорда тұрғына Анар Долдырина көлігі толықтай жарамсыз болып қалған соң оны қосалқы бөлшекке сатуға мәжбүр болған. Көліктің нарықтағы құны мен сатылған бағасының айырмасы шамамен 35 миллион теңге.

“Біздің басты талабымыз – осы жағдайға кінәлі адамдарды анықтау. Бұл материалдық шығын ғана емес, адам өміріне қауіп төндірген жағдай болды. Жауапты қызметтер мұндай нөсердің жолды су басуы мүмкін екенін алдын ала ескеріп, қауіптің алдын алуы тиіс еді. Алайда жаңбыр басылғаннан кейін де су тартылмай, деңгейі одан әрі көтеріле берді. Бұл жайт мендегі бейнежазбаларда анық көрінеді”, – дейді ол.

Анар Долдырина бұл жағдайға байланысты Астана әкімдігіне өтініш жолдап, жауапты мекемелердің әрекетіне түсініктеме беруді сұраған. Алайда әзірге ресми жауап алмаған. Оның айтуынша, өтініші әкімдіктің шаруашылық бөліміне жолданған. Сонымен қатар ол президент әкімшілігіне Астанадағы коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты шағым түсірген.

“Менің ойымша, бұл төтенше жағдай емес. Бұл белгілі бір кемшіліктердің салдары. Мүмкін, нөсер кәрізі дұрыс жобаланбаған немесе тиісті деңгейде күтіп ұсталмайды. Ең бастысы сол күні ешқандай төтенше жағдай жарияланған жоқ. Халыққа үйден шықпау немесе белгілі бір көшелермен жүрмеу туралы ескерту де берілмеді”, – деді ол.

Оның айтуынша, олар көлікпен келе жатқанда бірнеше көше суға толып кеткен. Сондықтан басқа бағытқа бұрылу мүмкін болмаған. Кейін су аз болуы мүмкін деген оймен Қошқарбаев көшесіне шыққан. Алайда ол жерде су одан да терең болып шыққан.

“Жанымыздан өткен көлік көтерген толқыннан кейін қозғалтқыш істен шықты. Ал көлік суда тұрып қалғандықтан, оған қосымша зақым келіп, ақыр соңында жарамсыз күйге түсті”, - дейді астаналық. 

Оған қоса астаналық бұл іске қатысты жауапты органдардың ешқайсысы өзімен байланысқа шықпағанын айтты. Ол әлеуметтік желі арқылы дәл осындай жағдайға тап болған тағы екі адамды тауыпты. 

“Көп адам мұндай жағдайда өзін кінәлі санайды. Сондықтан өтемақы талап етуге де үміттенбейді. Мен мұнымен келіспеймін. Егер жолдардың су басуынан зардап шеккендер болса, маған хабарлассын. Неғұрлым көп адам бірігетін болса, мәселені көтеріп, өзгеріске қол жеткізу соғұрлым артады”, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл іске кінәлі мекемелер анықталып, олар жауапқа тартылуы тиіс. 

Астана әкімдігі не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрады.

Әкімдік жолды су басқан жағдайда өтемақы төлеу мәселесі автоматты түрде шешілмейтінін айтты. Ведомство мәліметінше, алдымен оқиғаға кімнің жауапты екені анықталып, содан кейін ғана залалды өтеу мәселесі қаралады.

“Көлікке келтірілген залал үшін кім жауап беретіні нақты жағдайға және жауапкершіліктің кімге жүктелгеніне байланысты анықталады. Жауапты адам осы жол учаскесінің меншік иесі, оны күтіп-ұстауға жауапты ұйым немесе нөсер кәрізі жүйесінің иесі не оны пайдаланушы ұйым болуы мүмкін”, – деп жауап берді әкімдік.

Әкімдік мұндай жағдайда жауапты мекемелердің кінәсі тексеру нәтижесінде ғана анықталатынын айтты. 

“Қатты жауын-шашын немесе жолды су басуының өзі қандай да бір мемлекеттік органның немесе коммуналдық ұйымның автоматты түрде жауапты екенін білдірмейді”, – делінген жауапта.

Ведомство мәліметінше, мұндай жағдайда жүргізушінің әрекеті де ескеріледі.

“Егер жүргізушінің жол-көлік жағдайына салғырт қарағаны анықталса, оған төленетін өтемақы көлемі қысқартылуы мүмкін. Залалды өтеу туралы талапты қарау кезінде оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеледі. Атап айтқанда, көліктің зақымдануы, гидросоққының болғаны және жолдың жай-күйі мен келтірілген шығын арасындағы себеп-салдарлық байланыс ескеріледі", - делінген жауапта.

Сонымен қатар әкімдік тараптар өзара келісімге келе алмаса, түпкілікті шешімді сот қабылдайтынын айтты. 

Заңгер көлік бүлінгенін дәлелдеу үшін не істеу керегін айтты

Заңгер Альбина Бақтиярқызының айтуынша, жаңбырдан кейін көшені су басуы коммуналдық қызметтердің міндетті түрде кінәлі екенін білдірмейді. 

“Алайда жолдың талапқа сай күтіп ұсталмауы немесе нөсер кәрізі жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан залал келгені дәлелденсе, жауапкершілік жолдың иесіне, оған қызмет көрсететін ұйымға немесе кәріз жүйесіне жауапты мекемеге жүктелуі мүмкін”, - дейді заңгер. 

Оған қоса заңгер көліктің жаңбыр суынан бүлінгенін дәлелдеу үшін не істеу керегін айтты. Ол үшін: 

Болған оқиғаны қағаз жүзінде дәлелдемелермен бекіту (фото, видео);

  • 102 шақыру , жол көлік оқиғасы болмаса да, фактіні тіркеу;
  • Куәлерді жинау (бар болса);
  • Келтірілген шығынды есептеу (бағалау жасату тиісті құжаттармен, есеп беріледі);
  • Сол жол учаскесіне кімнің жауапты екенін анықтап, сол мекемеге тиісті сотқа дейінгі талаппен жүгіну;
  • Жауап болмаған жағдайда, сотқа талап арыз беру қажет. 

Заңгердің сөзінше, көлікті сотқа дейін бірден жөндетуге асықпаған жөн.

“Өйткені сотта келтірілген материалдық залалды дәлелдеу міндеті талап қоюшының өзіне жүктеледі. Егер жолды күтіп-ұстау талаптарының бұзылғаны анықталса, жауапты мекеме Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы (Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша жауапқа тартылуы мүмкін”, – деді Альбина Бақтиярқызы.

Сонымен қатар заңгер көлік иесі келтірілген шығынның 35 миллион теңге екенін дәлелдей алса, оны толық көлемде өндіріп алуға құқылы екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жауын салдарынан көшелерді су басып, тіпті LRT станциясының төбесінен су аққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 31 Шілде, 2026 14:55