Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путин Мирзияевпен кездесу кезінде Өзбекстанды Дағыстанмен шатыстырды

Ресей президенті Владимир Путин 6 қазанда Кремльде Шавкат Мирзияевпен кездесу кезінде Өзбекстанды Ресей Федерациясы құрамындағы Дағыстанмен шатыстырып алды. Путин "Ресей-Дағыстан" байланысын дамытқаны үшін Мирзияевке алғыс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі таратқан видеода Путиннің Мирзияевке қайрылып "Ресей-Дағыстан байланысын дамытуға жеке қатысқаныңыз үшін алғыс айтқым келеді" деді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, кейін Путиннің баспасөз қызметі Кремль сайтындағы стенограммада "Дағыстанды" "Өзбекстанға" өзгерткен.

Кремль әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл сәттен видео жарияламады.

Бұған дейін Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонның атын айтқан кезде шатысқан.

Өзбекстан және Ресей президенттерінің баспасөз қызметтері бұған түсініктеме бермеді.

5 қазанда "Валдай" пікірталас клубының отырысында Владимир Путин осы айдан бастан Ресей Өзбекстанға газ тасымалдай бастайтынын мәлімдеген.

Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл тарихи оқиға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеретінін және елдер арасындағы тату көршілік қатынастар жылнамасының тағы бір жарқын бетін ашатынын атап өтті.

Талқылау