Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әперген қымбат сыйлықтарын міндет қылған": Прокурор Салтанат Нүкенова өлтірілген күні нақты не болғанын айтып берді

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау барысында айыптаушы тарап сотқа Салтанат Нүкенованың өлімі қалай және қандай жағдайда болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокурордың айтуынша, кісі өлтірілген күні Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада концертте болған. Концерт кезінде Бишімбаев болмашы себеппен Нүкеновамен ұрыса бастаған. Концерттің аяқталуын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, балағат сөздерін жалғастырып, Достық көшесі, 16 мекенжайында орналасқан "БАО" мейрамханасына жаяу барған.

Мейрамханада екеуі төрт бөтелке шарап, алкогольдік ішімдік ішіп отырып, әңгімелескен. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын, одан кету туралы шешім қабылдағанын айтқан. Ол ағасына осы жайтты айтып, оның үйіне баратынын жазып, такси шақырмақ болған.

2023 жылы 9 қарашада сағат 00:30-да Бишімбаев пен Нүкенова ішімдік ішіп, мекемеден сыртқа шыққан. Бірақ Бишімбаев Нүкенованы ағасының үйіне жібермеген. Ерлі-зайыпты мәселені шешіп, мейрамханаға қайта оралған. 

Екеуі сол күні сағат 2:15-те қайтадан асхана арқылы мейрамханаға көтерілген. Нүкенова №1 VIP бөлмесіне барған. Бишімбаев та барға бара жатып, бір бөтелке шарап алып, VIP бөлмеге кірген.

Осы кезде мейрамхана залында түнгі уақытта жөндеу жасап, мейрамхананың қабырғалары мен бағандарын сырлап жатқан жұмысшылар болған.

Ерлі-зайыпты VIP бөлмеде ішімдік ішіп отырып, қайтадан жанжалдасқан, бір-біріне айқайлай бастаған. Бишімбаев Нүкенованы тағы да ұрып, балағаттаған. Ол Нүкенованың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, оған сатып әперген заттары мен әшекейлерін міндет еткен.

Бұған ашуланған Нүкенова іш киімдері мен әшекейлерінен басқа барлық киімін шешіп, залға лақтырып жіберген. Бұл әрекетіне ашуланған Бишімбаев Нүкеноваға жұдырықпен дене жарақатын сала бастаған.

Нүкенова бірнеше рет есін жиғанымен, сотталушы оны ұрып-соға берген. 

Бишімбаев мас күйінде Нүкеноваға іш киімінің үстінен күртешесін кигізіп, көлік тұрағына түскен. Ол мейрамхана қызметкерлері Нүкенованы соққыға жығылған күйде көргенін қаламағандықтан, үйге қарай көлікпен жүруді ұйғарған. Бірақ ғимараттан шыға алмай, жаяу жүргіншілер жолына түскен. Сол кезде оны автотұрақ күзетшісі көріп қалып, көлікті тоқтатқан.

“Содан таңғы сағат 7.00-де Нүкеновамен бірге мейрамханаға көтерілген. Мейрамхананың вестибюлінде ол әйелдің маңызды органына, басына бірнеше соққы берген. Нүкенова қатты ауырып, еденге құлаған. Осыдан кейін Бишімбаев аяғына күзгі аяқкиімін киіп, Нүкенованың қорғансыз денесі мен бөксесін әдейі тепкілеген. Содан кейін Нүкенованы еденнен көтеріп, басынан жұдырығымен ұрып, шашынан ұстап, №1 VIP бөлмесіне сүйреп кіргізген”, – деді мемлекеттік айыптаушы. 

Нүкенова Бишімбаевтың агрессиясын көріп, VIP залдың дәретханасына тығылған. Мұны көрген Бишімбаев одан сайын ашуланып, есікті әуелі қолымен, содан кейін астынан темір штативпен ұра бастаған. Дәретхананың есігін қағып, Нүкенованы шығарып алып, азаптап, жұдырықпен соққылап, аяқпен маңызды органы – басы мен денесінен тепкен. 

Сосын тамағынан қысып, тұншықтырған. Салдарынан Нүкенова есін жоғалтқан. Біраз уақыттан кейін Салтанат қайта ес жиған. Мұны көрген Бишімбаев оның басынан бірнеше соққы беріп, оның ес-түссіз және дем алмай жатқан денесін байқап, тоқтаған.

Аталған аса ауыр қылмысты жасырды деп ағайынды Бишімбаевтар айыпталып отыр. 

“9 қарашада аса ауыр қылмыс жасаған соң Бишімбаев гастроцентр директоры Байжановқа телефон соғып, себебін түсіндірместен жұмысқа келуді бұйырған. Байжанов гастроцентрге жеткенде ес-түссіз жатқан және табиғи емес сырыл дауыс шығарған Нүкенованы көрген. Сондай-ақ оқиға орнында қан мен жұлынған шаш табылған. Бишімбаевтың өтініші бойынша олар Нүкенованы орнынан көтерген. Сол кезде Нүкенованың денесі мүлде қозғалмаған, иілмеген. Қызды диванға жатқызып, бірнеше сағаттан соң Байжанов Нүкенованың қайтыс болғанын білген”, – деді айыптаушы.

Айыптау қорытындысында бұрынғы министрдің ағасы Бақытжан Байжанов қауіпсіздік қызметкерлеріне Гастроцентрдегі барлық бейнематериалды өшіруді тапсырып, қылмыс туралы дер кезінде хабарламағаны айтылған.

Сондай-ақ ол Нүкенованың өлімін жасыру үшін әйелдің телефонын өзімен бірге алып жүрген. Осылайша ол марқұмның қайтыс болғанына қарамай, оны бірнеше уақыт бойы қозғалып жүр деп көрсеткісі келген. 

Жедел-жәрдемді тек кешке шақырған. Келген дәрігерлер Нүкенованың қазасын растаған.

Қуандық Бишімбаевқа келесі баптар бойынша айып тағылды:

  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау);
  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру).

Байжановқа мынадай баптар бойынша айып тағылды:

  • Қылмыстық кодекстің 432-бабы (Аса ауыр қылмысты жасыру); 
  • Қылмыстық кодекстің 434-бабы (Қылмыстың болғанын хабарламау).

Сондай-ақ жақында әлеуметтік желілерде Нүкенованың мейрамхана ішінде жалаңаш жүрген видеосы тараған еді. Бұд жағдайға Бишімбаевтың Bau мейрамханасында әйеліне әперген қымбат сыйлықтарын міндет қылғаны себеп болған екен. Күйеуінің сөздеріне ашуланған Нүкенова Бишімбаев алып берген киімінің бәрін шешіп, іш киіммен жүрген.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Бүгін Астанада Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алайда Бишімбаев сотта тағылған айыпты мойындаудан бас тартты.

Сондай-ақ сотта Бишімбаевтың Нүкенованы жалаңаш күйде порнографиялық видеоға түсуге мәжбүрлегені айтылды.

Талқылау