Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дубайдан үш пәтер, үш көлік пен жеке үйлер: Оңтүстік Қазақстанда оқу орындары арқылы бюджет қаржысын жымқырған әйел сотталды

Екі колледж арқылы ақша жымқырған
Фото: Halyqstan

Оңтүстік Қазақстандағы екі колледж арқылы 1,3 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталған Эльмира Дүйсенқызы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Halyqstan Telegram арнасының дерегінше, бұл кәсіпкер әйелдің үшінші соттылығы. Ол 2018–2023 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің құрылтайшысы бола отырып, жалған оқыту жүйесін ұйымдастырды деп айыпталған. Осылайша 1,3 миллиард теңге бюджет қаржысына қол салған. 

Ал тергеу мәліметінше, бұл схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және басқа да тұлғалар қатысқан. Студенттер формалды түрде оқуға қабылданғанымен, іс жүзінде сабаққа қатыспаған. Соның нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында қаржыландыру алынған.

“Оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы жалған бұйрықтар, электронды цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ орындалған жұмыстар жөніндегі жалған актілер рәсімдеу арқылы бюджет қаражаты жымқырылған. Сонымен қатар, тергеу нұсқасына сәйкес, ақылы бөлімде оқитын кейбір студенттер мемлекет есебінен оқитындар ретінде рәсімделген. Ал Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде жұмыс істемей, тек бюджет қаражатын игеру үшін пайдаланылған.

Тергеу барысында анықталғандай, Дүйсенқызы бұған дейінгі соттылығы бойынша жазасын өтеп жатқан кезінде де өз колледждерін басқаруды жалғастырған. Бұған дейін ол жеке мектеп арқылы бюджет қаржысын жымқырғаны үшін де сотталған” , – делінген хабарламада.

Тергеу кезінде күдіктілер өз еркімен 65 миллион теңге көлемінде шығынды өтеген. Сонымен қатар, үш пәтер (оның ішінде Дубайдағы), үш жеке үй және үш автокөлікке тыйым салынған.

Айта кетейік, өткен жылы Эльмира Дүйсенқызы екі резонансты іс бойынша — Шымкент қаласындағы ҰҚК департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасов пен Түркістан облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Ғалымжан Жұмашевқа қатысты істерде жәбірленуші әрі негізгі куәгер ретінде де танылған.

Аталған екі шенеунік Дүйсенқызынан пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, сотталған.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі Жоғары медицина колледжінің студенті 4 жыл бойы грантта оқығанын білмеген айтып шағымданған еді. Ол тіпті өзіне тағайындалған шәкіртақыны да алмаған.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 13:03