Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысында жарыссөз басталды. Прокурор айыпталушыны 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

"Құқық бұзушылықтың жиынтығымен жазаларды ішінара қосқанда 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінде түпкілікті тағайындалсын. Қызылорда қаласының 2023 жылғы 30 маусымдағы Қылмыстық-процестік кодекстің 58-бабының негізінде №2 үкімді ескере отырып, жазаны ішінара қосу арқылы Сатыбалды Гүлмираға 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу тағайындалcын", – деді прокурор.

Сонымен қатар прокурор екінші айыпталушы Мәди Батыршаевты алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Үкімнің аяқталмаған мерзімін ескере отырып, айыптаушы тараптың пікірінше, жалпы жаза 10 жыл бас бостандығынан айыру болуы керек.

Еске салайық, бүгінгі отырыста Гүлмира Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниалова судьяға қарсылық білдірген еді. Бірақ судья оның шағымын қанағаттандырмады.

Сонымен қатар жәбірленушілер Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаевтан 11 миллиард теңгеден астам соманы өндіруді талап етті.


"Шығынды толық өтеді": Қайрат Сатыбалдының жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығын шектеуге ауыстырылды


Айта кетейік, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр. 

  1. Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  2. Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.
Талқылау