Қарағандыда анасы тастап кеткен сәби балалар үйінде із-түссіз жоғалып кеткен: Прокуратура 13 жылдан кейін тергеу бастады
Қарағанды облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған баланы сату фактісі бойынша тергеу бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: meme-arsenal.com
Облыстық прокуратураның хабарлауынша, оқушы "Цифрлық отбасы картасында" мектепке бармаған деп жазылған.
"Тексеру көрсеткендей, баланы 2011 жылы дүниеге келген сезінде Қарағанды қаласының облыстық перинаталдық орталығына тастап кеткен. Кейіннен Осакаров ауданындағы Пионерский балалар үйіне жіберілген. Прокуратура бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. Бала іс жүзінде жоғалып кеткен. Оның қайда екені белгісіз", – делінген хабарламада.
Осакаров ауданы прокурорының нұсқауымен Қылмыстық кодекстің 135-бабы, яғни кәмелетке толмағандарды саудалау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында 30 жастағы әйел өз баласынан айырылып қалғаны туралы жазған едік. Айтуынша, анасы оның рұқсатынсыз ұлын біреулерге сатып, ақшасын алған көрінеді.