Харассмент жасады және жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған экс-депутат Асқар Садықовтың үстінен іс қозғалды ма – Прокуратура жауап берді
Прокуратура экс-депутат Асқар Садықовтың үстінен тағылған екі айып бойынша іс қозғамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/askar_sadykov
Депутаттық мандатынан айырылып, "Ақ жол" партиясынан шығарылған Асқар Садықовтың ешқандай қылмыстық және әкімшілік іске қатысы жоқ болып шықты. Оның бұрынғы партияластары және Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та Садықовтың үстінен құқық қорғау органдарына арыз жазбаған.
"Ақ жол" партиясы мен оның мүшелері Бас прокуратураға арызбен жүгінбегенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта прокуратурада Асқар Садықовқа қатысты қылмыстық немесе әкімшілік іс жоқ", – деді Бас прокуратура.
Ақтөбе облысының әкімдігі экс-депутат Асқар Садықовтың өңірдегі мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне араласпағанын мәлімдеді. Айтуларынша, экс-депутат әкімдік қызметкерлеріне де қысым көрсетпеген. Ал Облыс әкімі Асхат Шахаров Садықовтың әрекетіне шағымданып "Ақ жол" партиясына хат жазбаған.
Еске салайық, бұған дейін 29 тамызда Орталық сайлау комиссиясы “Ақ жол” демократиялық партиясының ұсынуымен мәжіліс депутаты Асқар Садықовты мандатынан айырғанын жаздық. Ал партия жетекшісі Азат Перуашев өзінің Telegram-арнасында бұл шешімге “Асқар Садықовтың депутаттық мәртебеге келмейтін әрекеттері негіз болғанын” айтты.
Сондай-ақ бұрынғы депуттатың харрасмент жасағаны белгілі болды.
Кейіннен "Ақ жол" демократиялық партиясы депутаттық мандатынан айырылған Асқар Садықовқа тағы бір айып таққан еді. Партия Садықовтың қарамағындағы қызметкерге харассмент жасап қана қоймай, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне де араласқанын мәлімдеген. Айтуларынша, экс-депутат таныстарынан тендерлерді ұтып алуға көмектесуін сұраған.