Продюсер Нұртас Адамбай Израильді қолдаған ресейлік әншінің Алматыдағы концертіне тыйым салуды талап етті
Шоумен Нұртас Адамбай Израиль армиясын қолдаған ресейлік музыкант Андрей Макаревичтің Алматыдағы концертіне тыйым салуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресейлік рок әнші Андрей Макаревич өз парақшасында Израильді қолдайтынын айтты.
"Андрей Макаревич Израиль армиясына сәттілік тілепті. Не үшін сәттілік? Палестинаның бейбіт тұрғындарын сәтті өлтірсін деп пе? Бұған дейін ол "маған қару берілмеді"деп өкініш білдірді. Демек өзі де бұл қылмыстарға қарсы емес болып тұр ғой?", – деді Нұртас Адамбай.
Андрей Макаревичтің Алматыдағы концерті 1 желтоқсанға жоспарланған.
"Жеке өз басым оның елге келуіне қарсымын. Мұсылмандарды өлтіруді қолдайтындар үшін Қазақстанда орын жоқ. Макаревичтің еліміздегі концертін өткізбеу керек! Қырғыз бауырларымыз да оның Бішкекке келуіне қарсы", – дейді шоумен.
Ресейдің Украинаға қарсы шабуылы басталғаннан кейін Макаревич Израильге көшіп кетті. Ол Ресейдің иноагенті тізіміне кірген.