"PRO Молоко’26" және "QazaqSut": ШҚО сүт өндірісін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты

Шығыс Қазақстан төрі Өскемен қаласында өткен V Халықаралық "PRO Молоко’26" және "QazaqSut" форумдары еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды диалог алаңдарының біріне айналды. Форумға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген агробизнес өкілдерімен қатар Беларусь, Тәжікстан, Грузия және Моңғолия елдерінің Төтенше және Өкілетті елшілері, Қытай Халық Республикасы консулдығының өкілдері, Франция елшілігінің экономикалық мәселелер жөніндегі атташесі қатысты.
Форумның ресми ашылуы алдында облыс әкімі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі және форумның құрметті қонақтары халықаралық көрмені аралап, сүт өндірісі мен қайта өңдеу саласындағы заманауи технологиялармен танысты. Отандық және шетелдік компаниялардың инновациялық жабдықтары, мал шаруашылығын цифрландыруға арналған шешімдері, ветеринария және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жаңа өнімдері ұсынылды. Қонақтар қатысушылармен пікір алмасып, аграрлық сектордағы озық тәжірибелер мен инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады.
Басқосу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің сүт шаруашылығын дамыту бағытындағы жетістіктері мен алдағы міндеттеріне тоқталды. Аймақ басшысы бүгінде сүт өндірісі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтитын және экспорттық әлеуетті қалыптастыратын стратегиялық бағыт екенін атап өтті.
Осы ретте айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сүтті терең өңдеуді ұлттық басымдықтардың қатарына енгізген болатын. Шығыс Қазақстан табиғи ресурстары мен қалыптасқан тәжірибесінің арқасында бұл бағытта көшбасшы өңірлердің қатарында тұр. Өңірде кең жайылымдық алқаптар, таза су көздері, мал шаруашылығының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі және ең бастысы, саланы дамытуға дайын еңбекқор мамандар бар.
Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында агроөнеркәсіп кешенін дамыту облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Құжатта қарқынды ауыл шаруашылығына көшу, сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту, экспортқа бағдарланған өндірістерді көбейту көзделген. Сонымен қатар, экологиялық таза өнім өндірісін кеңейту және Шығыс Қазақстанды био және экоагроөндіріс орталығы ретінде қалыптастыру міндеті қойылған.
“Шығыс Қазақстан сүтті мал шаруашылығын дамыту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің қатарына кіреді. Өткен жылы облыста 260 мың тоннадан астам шикі сүт өндіріліп, бұл көрсеткіш 9%-ға өсті. Өндіріс көлемінің негізгі өсімі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының есебінен қамтамасыз етілді, бұл өз кезегінде заманауи сүт-тауарлы фермаларға жүйелі түрде салынған инвестициялардың нақты нәтижесін көрсетеді. Бүгінде өңір шаруашылықтары сүтті мал шаруашылығының табысты дамып, ауқымын кеңейтуге қабілетті заманауи әрі бәсекеге қабілетті бизнес екенін нақты дәлелдеп отыр. "Камышинское" ЖШС Қазақстандағы ең ірі сүт өндіруші он кәсіпорынның қатарына кіреді және жылына 15 мың тоннадан астам өнім өндіріп, республика бойынша төртінші орынды иеленіп отыр. Сиырлардың өнімділігі бойынша республиканың үздік шаруашылықтарының қатарына "Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы" ЖШС мен "Рулиха" ЖШС де кіреді. Бұл кәсіпорындарда бір сиырдан жылына шамамен 10 мың килограмм сүт сауылады”, – деді Нұрымбет Аманұлы форумның салтанатты ашылу рәсімінде.
Форумда саланың цифрлық трансформациясы да ерекше назарға алынды. Қазіргі таңда облыстың бірқатар шаруашылықта цифрлық сауу залдары, автоматтандырылған азықтандыру жүйелері, роботтандырылған жем үлестіру кешендері, робот-сауыншылар және асыл тұқымды малды цифрлық іріктеу технологиялары қолданылады. Мұндай шешімдер еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, өндірістің тиімділігін де едәуір көтеріп отыр.
“Өңірде бүгінде жылына 207 мың тоннадан астам шикізат өңдеуге қауқарлы 13 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Қазіргі уақытта сүт өнімдерін өндіру көлемі шамамен 10%-ға өсіп отыр. Кәсіпорындар шығаратын өнім түрлері 150-ден асады. Облыстағы ең ірі компаниялардың бірі – "Восток-Молоко" корпорациясы беделді Халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының құрметті мүшесі мәртебесіне ие. Саланы одан әрі дамытудың маңызды факторларының бірі – агроөнеркәсіптік кешенге қомақты жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау. 2023 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында агроөнеркәсіптік кешен жобаларын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша жалпы құны 17 млрд теңгені құрайтын 13 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде қосымша 19 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, олар фермерлік шаруашылықтарды салу мен жаңғыртуға, өңдеу қуаттарын кеңейтуге, жемшөп базасын дамытуға және сақтау нысандарын құруға бағытталды”, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, саланың алдында тұрған жаңа міндеттер де талқыланды. Облыс әкімі сүтті мал шаруашылығын 2030 жылға дейін дамыту жөніндегі бірлескен резолюция қабылдауды ұсынды. Құжатта озық технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға қатысты нақты бастамалар қамтылуы тиіс.
Аталған саланың даму қарқынына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин де жіті тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде елімізде сүтті мал шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілген.
“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша соңғы үш жылда елімізде жалпы қуаттылығы 600 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін 93 ірі сүт-тауарлы ферма құрылысы басталды. Бүгінде олардың 71-і пайдалануға беріліп, жылына 450 мың тонна сүт өндіру мүмкіндігін қалыптастырды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа жобаларды қабылдау мен қаржыландыру жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде іске асырылып жатқан бағдарлама аясында жобалар 10 жыл мерзімге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылады. Сондықтан бүгінде еліміздің сүт саласы тұрақты әрі қарқынды даму кезеңінде тұр”, – деді вице-министр.
Министрлік мәліметінше, Үкімет тарапынан ұсынылып отырған барлық қолдау тетігін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер белсенді пайдаланып келеді. Егер екі жыл бұрын агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі небәрі 140 миллиард теңгені құраса, бүгінде жеңілдетілген несиелеу көлемі 1 триллион 750 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.
Вице-министр мұндай нәтижелер мемлекет басшысының аграрлық секторға көрсетіп отырған қолдауының және Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Іс шараның салтанатты ашылу рәсімінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградаларымен еліміздің бірнеше өңірінен келген агроөнеркәсіп кешені өкілдері марапатталды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха, Глубокое ауданынан, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген сала мамандары "Еңбек ардагері" медаліне, "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісіне, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Марапаттар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесі, көпжылдық адал еңбегі және жоғары кәсіби жетістіктері үшін табысталды.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды