Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев ұялы байланыс нарығында олқылық көп екенін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев ұялы байланыс нарығында олқылық көп екенін айтты. Ол сапасын әлі де жақсарта түсу керек деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Ұялы байланыс нарығында олқылық көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар – экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет”, – деді ол.

Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.

“Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа. Мысалы, отын-энергетика нарығындағы бағаны шектен тыс реттеу мұнай өндірісін төмендетіп, өнім тапшылығын туындатты. Үкімет бұл жағдайдан тиісті қорытынды жасады, ахуал біртіндеп түзеліп жатыр”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылатынын тілге тиек етті.

“Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен "баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажет екеніне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған. Жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес”, – деді президент.

Ол жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмегенін атап өтті.

“Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырамын", – деді президент.

Талқылау