Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент тапсырмасынан соң Щучинскте қаза тапқан студенттің өліміне қатысты екі іс қозғалды

Щучинск қаласында теміржол рельстерінен денесі табылған жігіттің өліміне қатысты президент тапсырмасынан соң екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет Tirazh.kz Instagram-парақшасынан

Полицияның мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасынан соң 19 жастағы жігіттің өлімін жан-жақты тергеу үшін ІІМ орталық аппараты мен облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына аттанған.

“Қосымша ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу), сондай-ақ қаза тапқан адамның туыстарының одан ақша бопсаланды деген арызымен ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі тергеу нәтижелері бойынша алдын ала құқықтық баға берілетінін және тергеу барысы ерекше бақылауда болатынын алға тартты. 

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Еске салсақ,  7 қазанда Ақмола облысында теміржол рельстерінен студенттің мәйіті табылған еді. Роман Бодаговтың денесі Бурабай-Жамантұз курорты аралығындағы теміржол жолдарынан табылған. Ол жоғары техникалық колледждің 4-курс студенті  болған.

Талқылау