Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 40 жылдан соң өзінің дәріс алған Бейжіңдегі институтында болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 40 жылдан соң өзінің дәріс алған Бейжің лингвистикалық институтында болып, ұстаздармен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет Ақордадан 

Ақорданың мәліметінше, президент тағылымдама кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шицинмен жолығып, оған жылы лебізін білдірді. 

"Араға 40 жыл салып университет қабырғасына қайтып келгеніме және сіздермен аман-сау кездескеніме өте қуаныштымын. Сіздің еңбекқорлығыңызды, табандылығыңызды және ерік-жігеріңізді атап өткім келеді. Студенттеріңізбен бөліскен біліміңіз баға жетпес құндылық. Осының барлығы кәсіпқойлығыңыздың, еңбекқорлығыңыздың және өз ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіздің дәлелі. Сіздің лайықты зейнеткерлікке шыққаныңызды білемін. Соған қарамастан, университеттің қоғамдық өміріне араласып, мәдениетаралық саланың дамуына үлкен үлес қосып келесіз", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Шицинге алғыс айтып, зор денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

Әңгімелесуден кейін Мемлекет басшысына университетте оқығаны туралы мұрағат құжаттары көрсетілді.

Шара соңында Елбасы Бейжің тіл және мәдениет университетіне Әбу Наср әл-Фарабидің портретін сыйға тартып, оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізгені туралы хабарлаған едік.

Талқылау