Бұрынғы ШҚО әкімі премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес премьер-министрдің орынбасары болып Ермек Көшербаев тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
"Ермек Беделбайұлы Көшербаевты премьер-министрінің орынбасары қызметіне тағайындап, оны бұрынғы атқарған қызметінен босату," – делінген жарлық мәтінінде.
Көшербаевтың кандидатурасы мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында мақұлданды.
Айта кетейік, Ермек Көшербаев – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (тарихшы) және КСРО сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының (дипломат) түлегі. Еңбек жолын Қазақ КСР сыртқы істер министрлігінде бастаған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жүйесінде әртүрлі қызметтер атқарып, Швейцариядағы елшілікте жұмыс істеген. Сонымен қатар президент әкімшілігінде кеңесші болып, президенттің протокол қызметінің басшысы міндетін атқарған, премьер-министрдің көмекшісі қызметінде болған. Кейін "Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры", "ҚазТрансОйл" және "ҚазМұнайГаз" компанияларында жұмыс істеді.
2003 жылы "Рауан Медиа Групп" компаниясының бас директоры болды. Кейін қайта "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына оралды. Сонымен қатар "Атамекен" одағы мен "Отан" партиясында түрлі лауазымдарды атқарды. "Бүркіт" қаржы-өнеркәсіп тобының директоры және KazEnergy қауымдастығының атқарушы директоры болды.
2008 жылы қайта "Рауан Медиа Групп" компаниясына оралды. Ал 2009 жылы "Ертіс" компаниясын басқарды. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды (сол кезде өңірді Бердібек Сапарбаев басқарған).
2014 жылы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, кейін министрліктің жауапты хатшысы болды. Содан кейін сыртқы істер министрлігіне ауысып, әртүрлі жылдары жауапты хатшы және министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. 2020 жылдың қаңтарында Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тағайындалды.
2023 жылдың 16 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Көшербаевты Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындады.
Еске салайық, бұған дейін Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары қызметінен кетіп, жаңа лауазымға тағайындалғанын жаздық. Енді ол мемлекет басшысының көмекшісі лауазымына келді. Тамара Дүйсенова 1965 жылы 11 қаңтарда дүниеге келген. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Сарыағаш қаласындағы Ильич атындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Әр жылдары экономист, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды.