Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министр азық-түлік бағасын көтермей ұстап тұруды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет пен ұлттық банктің алдында өте маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету мәселесі тұрғанын айтып, министрліктер қабылдап жатқан шаралар жеткіліксіз болып жатыр деді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3% болған.

“Биыл үкімет пен ұлттық банктің алдында инфляцияны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар қабылдап жатқан шаралар жеткіліксіз екенін көрсетіп тұр”, – деп атап өтті премьер-министр.

Өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелген.

Бектенов осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек екенін айтты.

“Орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Жоспарланған және қолданыстағы барлық жоба белгіленген мерзімдерде іске асырылуға тиіс. Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет”, – деді премьер-министр.


 

Талқылау