Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полицейлер арызын қайтып алуға мәжбүрлеген": Алматыда бардың күзетшісі қызды пышақпен қорқытып, зорлады деп айыпталды

Алматыда бардың күзетшісі қызды зорлады деп айыпталды. Осы іс бойынша жәбірленушіге арызын қайтып алуға үгіттеген полиция қызметкерлеріне тергеу жүргізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны жәбірленушінің мүддесін қорғайтын адвокат Әлия Омарова мәлімдеді.

"Алматыда атышулы “барлар көшесіндегі” мекемелердің бірінің күзетшісі қызды пышақпен қорқытып зорлаған. Оқиға тамыз айында болған, бірақ жәбірленуші болған оқиғаны енді айтуға батылы жетті", – дейді ол.

Қыздың айтуынша, ол барда 1,5 сағат болған. Жақын жерде тұрғандықтан, сыртқа шығып, үйіне жаяу қайтқан. Осы кезде мекеменің күзетшісі оны өзге қауіптен қорғап, үйіне шығарып салуды ұсынған.

"Бұл Назарбаев көшесіндегі В-52 деген бар еді. Күзетші футболка, қара қалпақ киген және сақалы бар. Мен оны діндар деп ойладым және оған сендім, сол кезде ол маған жаман нәрсе жасайды деген ой болмады. Мен барға жақын жерде тұрамын, ол мені үйге апарды. Біз подъездге кіргенде, ол мені ұстап алып, бірінші және екінші қабаттың ортасына сүйреп апарды. Пышағын суырып алды да, көзқарасы бірден өзгерді. Оның көздерінен ашуды  және оның физикалық тұрғыдан үлкен екенін көріп, артық сөз немесе іс жасамау керегін түсіндім, себебі кез келген секундта өліп қалуым мүмкін еді", – деді жәбірленуші.

Қыздың айтуынша, қаскөй бәрін видеоға түсіріп, оны бопсалаған, айтқанын жасатқан.

"Қыз зорлаушыны алдап, оны жіберуге көндірді, ол пәтеріне жүгіргенде, жігіт соңынан пышақпен ерген. Қыздың жақындары полицияға қоңырау шалған. Сол кезде жігіт видеоны көрсетіп, бәрі келісіммен болғанын айтты", – делінген баспасөз хабарламасында.

Қыз күдіктінің осылай бірнеше рет басқа қыздарға жасағанына сенімді.

"Ол мұның бәрін сенімді түрде жасады, менің мойынсұнып, ешқайда қашып кетпейтінімді білді. Расымен қорыққаннан айтқанын жасадым. Ол мұны өзінің схемасы етіп алған, қыздар өлім аузында болғандықтан, бәрін жасауға дайын. Сол кезде ол бәрін видеоға түсіріп, келісіммен болған деп сендіреді. Содан кейін жәбірленушілер оны полицияға хабарлауға қорқады, өйткені ешкім сенбейді. Мүмкін оларды бопсалап жатқан шығар", – деді қыз.

Бар күзетшісі ұсталғаннан кейін Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері екі сағат бойы жәбірленушінің үйіне күшпен кіруге тырысқан дейді ол.

Адвокат полицейлердің қызды қорқытып, арызын қайтарып алуға үгіттегеніне наразы.

"Жедел уәкілдер "біз видеоңды көрдік, қазір арыздан бас тартыңыз, әйтпесе бостан-босқа уақытыңыз бен адвокат жалдауға ақшаңыз кетеді” деген. Мен осының бәрін видеоға түсіріп алдым. Олар менің пәтеріме кіруге тырысты, Мен жылап, бәрін келесі күнге ауыстыруды өтіндім, өйткені барлық оқиғалардан кейін мен эмоционалды күйзеліске ұшырадым, бір күн ұйықтамадым. Әлсіздіктен бір сәтте терезеден секіремін деп айқайладым, себебі полицейлердің қысымы маған әсер етті", – деді жәбірленуші.

Заңгердің айтуынша,полиция қызметкерлері күдіктіден пышақ табылғанын да елемеген.

"Қыз полицияның осындай әрекеттерінен өзіне-өзі қол жұмсамақ болды. Сол кезде қылмыстық іс қозғалған жоқ, жәбірленушінің арызы полиция қызметкерлері кеткеннен кейін ғана СДТБТ-ға тіркелді, біз жәбірленушіні полицияның заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін Алмалы ауданының кезекші прокурорына жүгіндік", – деді Омарова.

Қазіргі уақытта  ҚК 120-бабының 2-бөлігі “Зорлау” және 121-бабы “Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Тергеу күзетшіні қамауға алу мерзімін 10 күннен екі айға дейін ұзартуды сұрады, бірақ Алмалы ауданының прокуратурасы тергеушінің бұл шешімін қолдамады және күдіктіні қорғауға құқығы бар куә мәртебесінде қалдырып, бостандыққа жіберді. Ауыр қылмыс жасады деп айыпталған күдікті тағы бір қызды құрбанына айналдыруы мүмкін", – делінген баспасөз хабарламасында.

Алматыда осыған қатысты полицейлерге қызметтік тексеру басталған.

"Зорлау туралы қылмыстық істі тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Сонымен қатар полиция қызметкерінің ықтимал заңсыз әрекеттері бойынша қызметтік тексеру тағайындалғанын хабарлаймыз. Олардың әрекетіне баға беріледі", – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Талқылау