Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлі күнге дейін жаңа кеудемен құттықтайды": Пластикалық хирургияға жүгінген отандық сұлулар

Құдай берген келбетті өзгертуге болмайтыны туралы жиі айтылып, пластикалық хирургиядан бас тартуға шақырғандар көп болғанымен, жыл өткен сайын көз, ерін, мұрын пішінін өзгертіп, ота жасатқан арулардың саны артып келеді. Олардың арасында жасанды жолмен сұлулана түскенін еш жасырмайтын, керісінше мақтанышпен айтатын танымал тұлғалар бар. 

Танымал блогер Айжан Байзақова пластикалық хирургияның көмегіне бірнеше рет жүгінгенін жасырған емес. Бойжеткен кеудені үлкейту, еріндердің липофилингі, Биш түйіршіктерін жою процедураларын жасатқан. Байзақованың айтуы бойынша, маммопластика — өмірінде қабылдаған ең маңызды шешімдердің бірі. 

Омырауын үлкейтіп, арманы орындалғанын көпшілікке жария еткен әнші Луина пластикалық ота жайлы сөз қозғауға қысылмайды. Ол маммопластика жасатқысы келетінін Instagram желісіндегі парақшасында да жазып жүрді. “Көптеген оқырмандарымның сұрауы бойынша, мен осы шешімді қабылдадым”, — деп қалжыңдаған өнер иесі пластикалық ота жасатпай тұрып жүз ойланып, мың толғанған. Кез-келген қыз сияқты қайта қалыпқа келу мерзімнің ұзаққа созылып кетуін уайымдаған екен. Бірақ ол отадан үш күн өткеннен кейін-ақ қайтадан жұмысқа кірісіп, бейнебаяндардың түсірілімін бастап кетті. Good Housekeeping журналына берген сұхбатында ол: "Ел мені әлі күнге дейін жаңа кеудемен құттықтайды", — деді.

Бала күнінен дене бітімінің мінсіз болуын армандаған Әсел Асқар импланттардың көмегімен маммопластика жасатқанын жасырмайды. Сонымен қатар, бұл отаның денсаулық пен ағзаға кесірін тигізбейтініне кәміл сенеді. "Имплант бұлшықетке қойылады, дәрігер қиналмастан бала көтеріп, оны емізе алатынымды айтты. Менің көркімді аша түсетін омырау өлшемін таңдадым. Мен армандаған дүние. Жаңа бейнемді көргім келіп барады", — деді ол маммопластиканы жасатар алдында түсірген видеода. Кеудесін жасанды тәсілмен үлкейткені үшін модель жылы сөздерді де естіді, қатаң сыңның астында да қалды. "Сізге қарап жас қыздар жасанды омырауды армандай бастайды. Өз комплекстеріңізді көпшілікке көрсетпеңіз", — деп жазды желі қолданушылары бірауыздан. 

Әсел Асқардың өміріне қызыға қарайтын қазақстандықтар актрисаның бір ғана пластикалық отамен шектелмегенін, ринопластика мен блефаропластиканы да жасатқанын жақсы біледі. Ринопластика мұрын пішінін өзгерту отасы деп те аталады. Сондай-ақ, ол хирургиялық оталардың ішінде ең күрделісі болып саналады. Процедураның өзіне, мұрынның әдемі қалыпқа келуіне көп уақыт керек. Әдетте отаның нәтижесін бір жылдан кейін көруге болады.

Пластикалық ота жасатқанын отандық әншілеріміздің басым бөлігі мойындағысы келмейді. Бірақ сазгер және тележүргізуші Айгүл Бабаева пластикалық отаның бірнеше түрін жасатқанын айтудан қысылмайды.

"Егер бетіңізде үлкен сүйел болса, неге алып тастамасқа? Мен мұрнымды жасаттым, менің жасымдағы әрбір әйел секілді блефаропластиканы істеттім. Мұрнымды мен шаңғы теуіп жүріп жарақаттап алған болатынмын. Қабағымда артық тері бар еді, барлық әйелдер сияқты, екі көзімді дұрыстадым. Уақыты келіп, бет пен иек салбырап қалса, пластиканы жасату керек. Менің әрбір екінші танысым осындай  процедураларға барады", — дейді ол. 

Мадлен деген атпен танымал блогер Мадина Мамадалиева пластикалық оталарға оң көзімен қарап, бастысы шектен шығып кетпеу керектігін алға тартады. Мадлен маммопластика жасап, омырауын үлкейткен. 

"Мен пластикалық ота мен сұлулық екпелеріне қарсы емеспін. Өмір бойы комлпекстермен өмір сүргенше жақсы мамандардың көмегіне жүгінген артық деп санаймын. Еріндеріме ғана инъекция жасаттым. Бет-сүйектеріме, қалғанына тиіспедім. Бірақ жасым келіп, қажеттілік туғанда мен мұны жасаймын. Мұнда тұрған не бар? Косметология дамып жатыр, бастысы шектен шығып кетпеу керек. "Табиғи сұлу болу керек" дейсіздер. Егер  омырауыңыз салбырап кеткен болса, екінші иегіңіз шықса, түсіп кеткен қабағыңыздан көзіңіз көрінбесе, табиғи сұлулығыңыз кімге керек? Мен біреудің "көшірмесі" болу керек демеймін. Дегенмен өзіңізді комплекстің кесірінен жақсы көрмесеңіз, одан құтылу керек! Әрине, бұл үшін денсаулығыңыз бен қаражатыңыз болуы тиіс. Болмаса, жағдайы бар, қолынан келетін адамдарды даттамаңыз", — дейді бойжеткен Instagram желісіндегі парақшасында. 

"Төсін жалаңаштаған депутат" деген атпен танылып кеткен Динагүл Тасова кеудесін өз-өзіне сенімді болу үшін, сүйіктісі үшін омырауын үлкейткенін мойындады. 

"Негізі мен бірде-бір рет пластикалық хирургтардың көмегіне жүгінбедім. Барлығы өзімдікі. Тек қана кеудеумді жасаттым. Ол кезде менің жігітім бар еді", — дейді ол. Модельдің айтуы бойынша, жігіті оған дұрыс көңіл бөлуді қойған. Оның бұл іс-әрекетінің себебін Тасова өзінен іздеп, ойлана келе омырауын үлкейту туралы шешім шығарған. "Екеуміздің жолымыз екіге бөлінді, ал кеуде қалды. Кеудені мен негізі өзім үшін жасатқым келді. Көйлекті киген кезде барлық жағы сәйкес келеді де, кеуде жағы келмейтінін байқадым", — дейді Динагүл Тасова. Әйтсе де, қазір ол пластикалық ота жасатқанына өкінеді екен. 

"Басында бір апта, екі апта қатты өкіндім. Өйткені ауырды. Анестезия кете бастады. Шашың түсе бастайды. Операциядан кейінгі организмнің оңалу кезеңі күрделі. Қабылдамауы мүмкін. Не болмаса наркоз тарағаннан кейін гормоналды бұзылу болуы мүмкін", — деді Тасова. 

Естеріңізге сала кетейік, модель Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ашық киініп, омырауын көрсететін қыздар жайлы не ойлайтынын айтты. 

 

Талқылау