Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавда 50 миллион теңгеге салынған скейт-алаң жарамсыз болып қалған

Солтүстік Қазақстанда елу миллион теңгеге салынған скейт-алаң жарамсыз болып қалған. Үш жыл бұрын саябақ ішінен ашылған орын суға толып, қирап жатыр. Соған қарамастан қараусыз қалған жерге балалар барып ойнайды. Ал ұл-қыздарының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар алаңды жабуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скриншот

Петропавлдың орталығында скейт алаң 50 миллион теңгеге салынған. Бірақ қазір алаң адам көргісіз күйде. Алаңның бетон қабаты жарылып, астындағы арматуралары бетіне шығып жатыр. Сондықтан бұл жерде сырғанау адам өміріне қауіпті дейді ата-аналар.

“Скейт алаңында қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Ал балалар әлі ойнап жүр. Бұл дұрыс емес. Бір жерін сындырып алса немесе қайғылы жағдай болса ешкім жауап бермейді”, – деді Петропавл тұрғыны Валерий Дергачев.

Тұрғындардың айтуынша, жазда осы жерге келіп, скейтпен сырғанайтын жастар өте көп. Көбі – мектеп жасындағы балалар. Сол себепті ұл-қыздар жарақат алмас үшін алаңды мүлдем жауып тастауды талап етеді. Өйткені суға толған орынның пайдасынан зияны көп дейді жұрт.

“Мына жердің тас-талқаны шығып жатыр. Жаңбыр жауған сайын су толады. Бәрі суағар жүйесі орнатылмағанның кесірінен. О баста дұрыс жасалмаған”, – деді петропавлдық Любовь Хрустова.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, үш жыл бұрын салынған скейт-алаң құрылысының кепілдік мерзімі аяқталған. Сондықтан оны қайта жөндеу үшін бюджеттен қаражат қарастыру керек екен.

“Жобалық-сметалық құжат бойынша суағарлар қарастырылмаған. Сол себепті жобадан ауытқу болған жоқ. Ал жұмыстың сапасына келетін болсақ, ол – басқа мәселе. Яғни су жиналған сайын оны тазалап тұрамыз. Жөндеуді қарастырамыз”, – деп мәлімдеді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Нина Шерстова.

Тұрғындар сапасыз скейт алаңды салған мердігерлерді де жауапқа тартып, қара тізімге енгізу керек деп есептейді.

Талқылау