Пай қорлары туралы мифтер: Қате түсініктерді жоққа шығарамыз
Кейбір адам инвестицияны, оның ішінде пай қорын күрделі, қауіпті, түсініксіз деп ойлайды. Бүгінгі материалда Stan.kz агенттігі пай қорларына қатысты жиі тарайтын мифтерді талдап, маңызды сұрақтарға жауап береді.
Иллюстрация: Stan.kz
Пай қорын толығырақ түсіндіру үшін Halyk Finance-тың “Halyk Tenge” пай қорын мысалға аламыз.
1-миф: “Табысты адамдар ғана пай қорларына инвестиция сала алады”
“Табысты адамдар ғана пай қорларына инвестиция сала алады, “Инвестор болу үшін көп ақша қажет” деген – жаңсақ пікір. Пай қорларын басқаратын компанияның кейбірі бастапқы жарна ретінде салу қажет соманы төмен етеді. Соның арқасында енді ғана үйреніп жүрген, инвестицияға қызығатын, бірақ қаржысы көп емес адам да пай қоры арқылы инвестициялай алады.
Мысал: Halyk Finance-та “Halyk Tenge” деген пай қоры бар. Ондағы пай санында шектеу жоқ. Бұл пай қоры арқылы бастапқыда инвестиция ретінде 100 мың теңгеден бастауға болады. Мұнда инвестиция теңге валютасы бойынша қаралады, табысы да теңгемен есептеледі. Жаңа инвестор теңгені күнделікті қолданатындықтан әрі өзі білетін валюта болғандықтан, инвестиция саласын тезірек меңгеріп алуына мүмкіндігі бар.
2-миф. “Пай қорына инвестиция салу үшін қаржы нарығына қатысты арнайы білімің болуы қажет”
Пай қорларынан пай сатып алу үшін инвестордың қаржы нарығына қатысты арнайы білімі болуы міндетті емес. Себебі пай қорын басқаратын компанияларда кәсіби мамандар бар. Олар инвестордың активтерін талдап, оларға қатысты шешім қабылдап отырады. Инвестор мұның бәрінен хабардар болады. Пайларды білікті маман басқарып отырғандықтан, салыстырмалы түрде қауіп-қатер де аздау болады.
Мысал: Инвестор “Halyk Tenge” пай қорынан пай сатып алса, оны басқаратын компания қызметкерлері активтерін қадағалап отырады. Кейін оған ай сайын есеп береді. Есепте инвестордың қанша пайы бар екені, оны сатып алғанда құны қанша болғаны, кейін қаншаға өсіп-түскенін, қанша пайыз табыс тапқанын толық айтып береді. Олар тек сенімді, Қазақстан заңы бойынша тыйым салынбаған активтерді ғана ұсынады.
3-миф. “Пай қорлары нақты бір салаға инвестиция салғысы келетін адамдарға ыңғайсыз”
Кейбірі пай қорлары арқылы инвестиция жасайтын инвестордың таңдау құқығы жоқ немесе өзіне керек бір саланы таппайды деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Көптеген пай қорының портфелінде түрлі бағыт бойынша пайлар бар. Мамандар инвесторды қызықтыратын салаға сай келетін пайларды ұсына алады.
Мысал: “Halyk Tenge-нің” портфелінде қаржы, өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, қызмет көрсету түрлеріне байланысты активтер бар. Инвестор өзіне ұнайтын немесе “пайда көп әкеледі-ау” деп ойлайтын саланы таңдай алады.
Инвестициялық пай қорлары деген не және онда қалай ақша табуға болады?
Halyk Finance тәжірибесі: Пай қорын басқаратын компанияны қалай таңдаймыз?
4-миф. “Пай қорларында актив көп, сәйкесінше қауіп-қатер де көп”
Пай қорларының ең ұтымды тұсы – ол арқылы инвестиция жасағанда қауіп-қатердің аз болатынында. Себебі мұнда адам бір емес, бірнеше активтерді сатып алу мүмкіндігіне ие. Бір актив пайда әкелмеген немесе шығындалған жағдайда, екінші пайдың табысы жақсы болуы мүмкін. Оған қоса кәсіби мамандардың көмегі арқылы дұрыс аналитикалық талдау жасап, қауіп-қатерді азайтуға болады.
Мысал: Инвестор “Halyk Tenge” арқылы өнеркәсіп саласындағы бір компанияның, қаржы саласындағы бір компанияның пайын сатып алды делік. Елдегі бір жағдайға байланысты өнеркәсіпте қиындық туып, пай құны сәл төмендеп кетті. Есесіне дәл сол уақытта қаржыға қатысты компанияның пайының құны өсіп жатуы мүмкін. Осылай, инвестордың пай қорындағы бір активі, екінші активінін шығынын өтеп, қауіп-қатерден сақтап қалуы мүмкін.
5-миф. “Пай қорларындағы пайлар – тұрақты табыс көзі”
Пай қорлары арқылы белгілі бір мөлшерде пайда табуға болады. Дегенмен түрлі себепке байланысты пай қорындағы пайдың бағасы өсуі немесе төмендеуі мүмкін. Оған қоса инвестордан бір уақытта пай қорынан өте қомақты пайда көріп, келесі де ондай нәтиже көрмеуі ықтимал. Сондықтан пай қорларындағы пайларды тұрақты табыс көзі дей алмаймыз. Сол себепті “100% уәде беремін, ақшаңды екі еселеп аласың” дейтіндердің сөзіне күмәнмен қараған жөн. Пай қоратын басқаратын сенімді компаниялар бірден мемлекет пен компанияның табысқа қатысты кепіл бермейтінін айтады.
Мысал: “Halyk Tenge” пай қоры инвесторларының жылына 20%-ға дейін табыс табуын көздейді. Мәселен, 2024 жылғы 25 қаңтарда бір пайдың құны 999,98790 доллар (476 мың теңге) болған. 18 шілдеде, яғни бес айдан соң ол 1023,37138 долларға (487 мың теңге) қымбаттаған. Дегенмен олар да табыстың артып-артпайтынына нақты кепіл бермейді.
6-миф: “Пай қорын басқаратын компаниялар комиссия көп алады және шығындарды жасырын жүргізеді”
Пай қорын басқаратын компаниялар инвестордың активіне қатысты ақпаратты ашық жүргізеді, ештеңені жасырмайды. Ал пай қорын басқаратын компаниялардың комиссиясының мөлшері қордың түрлеріне, портфельдегі активтерге, басқару стратегиясына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Инвестор өзіне тиімдісін таңдап алуына болады. Басқарушы компанияның барлығының комиссиясы көп болуы мүмкін емес.
Мысал: “Halyk Tenge” пай қорын басқаратын компания қызметі үшін сыйақының екі түрін алады. Біріншісі – тұрақты сыйақы. Ол активтің жылдық құнынан 0,3%-ы алынады. Бұл айына бір рет алынады. Екіншісі – ауыспалы сыйақы. Басқарушы компанияның пай қорындағы пайлар әжептәуір пайда әкелсе, жылына бір рет активтің жылдық құнының 5%-ы алынады. Кейде компания бұл сыйақыны алудан да бас тартуы мүмкін.
7-миф. “Пай қорлары қысқа мерзімді инвестиция үшін тиімсіз”
Пай қорлары арқылы ұзақ мерзімге де, қысқа мерзімге инвестициялауға болады. Бұл белгілі бір уақытқа ғана инвестиция жасағысы келетіндерге қолайлы. Инвестор ол пайын кейін сатып жібере де алады.
Мысал: ”Halyk Tenge” пай қорының пайын Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да ала алады. Ал оны басқарушы компанияға әр ай 25-іне дейін сатып жіберуіне болады.
Пай қорларына қатысты күмәнді ақпараттың бәріне сенбей, сенімді дереккөздерді оқып шыққан жөн. Пай қорларын басқаратын түрлі компания бар. Солардың ресми сайтына кіріп, толық ақпаратты алуға болады. Әр компанияның шарты мен міндеті әртүрлі екенін ескерген абзал. Мәселен, “Halyk Tenge” пай қорын туралы мына жерден оқи аласыз.