"Комаға түстім": Павлодарлық жасөспірім президентке үндеу жасап, дәрігерлерді жазалауын сұрады
16 жастағы Амира Ахмедянова әлеуметтік желіде Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Жасөспірім Павлодар облыстық балалар ауруханасының хирургия бөліміндегі дәрігерлердің үстінен шағым айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қыздың айтуынша, биыл қаңтар айында соқырішектің асқынуына байланысты ота жасалған. Ауруханаға түскеніне он күн өтпестен дәрігерлер науқасты үйіне жіберген. Жасөспірімнің үшінші күні қызуы көтеріліп, іші ауырған.
“Ауруханаға көмек сұрап қайта бардым. Антибиотиктермен емдеп, екі аптадан кейін қайта үйге жіберді. Онда да дене қызуымның барына, ішім ауырып тұрғанына қарамады. Бірнеше рет жағдайымды айтып, көмек сұрадым. Бірақ олардың тарапынан ешқандай шара қолданылған жоқ. 13 наурызда қатты уланып, температурам 39, жүрегім айнып ауыр жағдайда ауруханаға түстім. Келесі күні мүлдем жүре алмай қалдым”, – дейді Амира.
Жасөспірімнің айтуынша, ол Ақсуда ұзақ уақыт массаж алып, емдік жаттығулар жасағаннан кейін аяққа тұрған. 21 сәуірде комаға түскен. Амира ол жерден Павлодар ауруханасының неврологиялық бөліміне ауыстырылды. Қыз есін жиғанымен, қайта жүре алмай қалды. Жасөспірім дәрігерлердің науқастарға салғырттық танытқанына наразы.
Павлодар облыстық денсаулық басқармасы Orda.kz порталына берген жауабында баланың психикалық бұзылысы барын айтқан.
“Анасы мен қызының науқастың ауруына облыстық балалар ауруханасына түсірген шағымы негізсіз. Соқырішекті алып тастау үшін жасалған ота аяқ-қолдың моторлық функцияларының бұзылуына әсер етпейді. Анализдерде және аспаптық зерттеулерде объективті өзгерістердің жоқ екенін ескере отырып, балаға психосоматикалық патологияға байланысты қосымша тексерістен өтуге кеңес бердік. Алайда анасы бұдан үзілді-кесілді бас тартып отыр”, – дейді денсаулық басқармасындағылар.
Қазір Амира мүгедектер арбасына таңылған және үнемі таяқпен жүруге мәжбүр. Оның айтуынша, дәрігерлер алты ай бойы нақты диагноз қоя алмағандықтан нақты жауап бере алмай келеді.