Павлодарда бойжеткен құлаққаптың арқасында зорлықтан аман қалды

Павлодарда жас қызға шабуыл жасап, зорламақ болған 35 жастағы ер адамға үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2025 жылғы қарашада болған. Бұған дейін ұрлық және тонау бойынша бірнеше рет сотталған ер адам Камзин көшесіндегі “Тубдиспансер” аялдамасының маңынан өтіп бара жатқан. Ол мас күйде болып, құрбысын күтіп тұрған жас қызды көрген.
Алдымен ер адам одан “Дачный” шағынауданына қалай баруға болатынын сұраған. Кейін әңгіме бастамақ болғанымен, бойжеткен сөйлескісі келмеген.
Сот материалдарына сәйкес, содан кейін күдікті қызды белінен ұстап, бұта арасына сүйреп апарған. Сол жерде оның шалбарын шешуге әрекеттеніп, қорқытқан және телефонын лақтырып жіберген.
Осы кезде қызды іздеп келген құрбысы оны көрмей, телефонына қоңырау шалған. Бойжеткеннің құлағында құлаққап болған. Ол телефонына әрең жетіп, қоңырауға жауап берген. Құрбысы оның айғайын естіп, оқиға орнына жүгіріп барған.
“Ол қызды қасақана зорламақ болған. Себебі жәбірленуші оған ақша, телефон және қолында бардың бәрін беруге дайын екенін айтқан. Сол сәтте қыздың құлағында құлаққап болған. Ол телефонына жетіп, құрбысының қоңырауына жауап берген. Құрбысы оның аялдамада екенін білген. Айғайды естіген соң жүгіріп келіп, ер адамға айғайлаған. Ол қорқып, қызды жіберіп, кетіп қалған”, – делінген сот үкімінде.
Оқиғадан кейін ер адам Алматыға қашып кеткен. Алайда кейін ұсталып, оған зорлауға оқталу бойынша айып тағылды.
Сотта ер адам кінәсін толық мойындады. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сот оның әрекетін қылмыстың қайталануы деп танып, жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жасөспірім кәмелетке толмаған қызды зорламақ болғаны хабарланған еді. Ақпаратқа сәйкес, биыл 1 ақпанда күдікті жасөспірім көшеде кішкентай қызды ұстап, оны ұрлап әкетпек болған. Оның бұл әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барды.
“Полиция күдіктіні ізін суытпай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Жасөспірімнің ата-анасы полиция бөлімшесіне шақырылды”, – деп хабарлады ведомство.
Полиция психолог маман қызбен әңгіме жүргізетінін атап өтті. Қазір қыздың өміріне және денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті
Оқыңыз