Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"70 мың теңге үшін өлімші етіп сабап тастады": Алматы облысында 26 жастағы жігіттің жұмбақ өлімі тексеріліп жатыр

26 жастағы жігіт
Фото: threads.com/@anondron

Алматы облысында 26 жастағы жігіттің жұмбақ өліміне қатысты әлеуметтік желіде адам өлтіру туралы нұсқа тарады. Марқұмның туыстары оны досы 70 мың теңгеге бола аяусыз соққыға жықты деп мәлімдеді. Оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиға Боралдай кентінде болған. Марқұмның ағасы Threads желісінде жазба жариялап, жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, 26 жастағы інісі досымен бірге кәуапхана ашқан. Олар күнделікті түсімді теңдей бөлісуге келіскен. Алайда сол күні марқұм түсімді бөлісуі керек болғанымен, ақшаны жұмсап қойған. Осыдан кейін арада жанжал шыққан.

Туыстарының нұсқасына сәйкес, оқиға 10 мамырда “Эдельвейс” кафесінде болған. Сағат 20:18 бен 21:04 аралығында жігітті қатты соққыға жыққан. Марқұмның ағасы оның 3,5 литр қан жоғалтқанын, сондай-ақ басынан доғал затпен ұрған деп мәлімдеп отыр.

Ал жедел жәрдем 21:04-те ғана шақырылған. Туыстары жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнындағы қан іздері тазартылған болуы мүмкін екенін де алға тартып отыр.

Ол жартылай өлімші етіп сабағаннан кейін жедел жәрдем шақырудың орнына, алдымен інімді өз үйіне апарып, жуындырып, киімін ауыстырған. Содан кейін ғана жедел жәрдем шақырып, оны алып кеткен”, – деп жазды ол.

26 жастағы жігіт реанимацияға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Алдын ала сараптамаға сәйкес, жәбірленушінің көкбауыры жарылып, кейін қан құса бастаған. 

Сондай-ақ марқұмның туыстары оқиға орнында екі адам болғанын айтты. Олардың сөзінше, біреуі жігітті ұрған, ал екіншісі жанында қарап тұрған.

“Ол жерде екеуі болған. Біреуі ұрған, екіншісі жанында қарап тұрған. Әділдікке қалай қол жеткіземіз? Арыз беруге бардық, бірақ оны екінші рет қана, оның өзінде құлықсыз қабылдады. Барлық айғақ пен дәлел қолымызда. Бірақ құқық қорғау органдары пара күтіп отырған сияқты. Мұндай жағдайда істі сотқа жеткізу үшін не істеуіміз керек?” – дейді жігіт.

Марқұмның жақындары істің әділ тергеліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

 Полиция не дейді?

Алматы облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша соталды тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдері марқұмның туыстары айтқан барлық уәж жан-жақты тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

“Тергеудің қазіргі кезеңінде марқұмның туыстары айтқан барлық уәж жан-жақты тексеріліп жатыр. Жиналған материалдарға сәйкес, ер адамның жағдайы нашарлап, жедел медициналық жәрдем бригадасы оны ауруханаға жеткізген. Кейін ол сол жерде қайтыс болды”, – делінген полиция хабарламасында.

Полиция қызметкерлері жақын маңдағы нысандардың бейнебақылау камераларын қарап, куәгерлерден және оқиға орнына келген медицина қызметкерлерінен жауап алған.

“Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Тергеу барысы облыстық департамент басшылығының бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді”, – деп хабарлады ведомство.

Полиция қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәлімет таратпауға шақырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 15 Мамыр, 2026 13:30