Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда арнайы жүргізуші шақырған ер адам 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды (видео)

жүргізуші
Фото: Видеодан скрин

Желіде мас жүргізушінің көлік тізгініне отырған сәті түсірілген видео тарады. Артынша көлікке бірден полицейлер жақындаған. Оқиға Павлодарда болған. Жағдайға полиция түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараға видеодан ер адамның рөлдегі орнын басқа адамға бергенін көруге болады. Видео авторының айтуынша, көлікті айдап келген адам оны өзі тұраққа қоюдан қорыққан немесе сенімсіз болған. Сондықтан рөлді көлік иесіне берген. Бірақ көлік иесі сол кезде мас күйде болған.

“Ішімдік ішкен адам көлік жүргізбесін деп арнайы жүргізуші шақырған. Бірақ ол мекенжайға келген соң көлікті тұраққа қоюдан қорқатынын айтқан. Сөйтіп көлікті тұраққа қою үшін мас көлік иесінің өзі рөлге отырған. Дәл сол кезде полиция келіп қалған”, – делінген жазбада.

 Көлікті тұраққа қойып жатқан сәтте оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келген.

Видео желіге жарияланған соң қолданушылар “полиция мен арнайы жүргізуші алдын ала келісіп алған болуы мүмкін” деген болжам жасаған. 

Полиция не дейді?

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 18 мамырға қараған түні патрульдік полиция Минина көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында тұрған Chery Tiggo 7 Pro көлігіне назар аударған. Полицейлердің айтуынша, көлік ұзақ уақыт бойы тұраққа қойыламай тұрғандықтан күдік тудырған. Осыдан кейін полиция жүргізушіні тексеру үшін жақындаған.

Тексеру барысында полицейлер ер адамның мас күйде екенін байқап, оған көлік басқармауды ескерткен. 

Ведомство “полиция мен арнайы жүргізуші арасында алдын ала келісім болған” деген болжамға қатысты пікір білдірді. Олардың мәліметінше, қызметкерлердің бейнетіркегіш жазбалары тексерілген. Нәтижесінде желіде тараған ақпарат расталмады дейді. 

Сонымен қатар ведомство жарияланған видео монтаждалған болуы мүмкін екенін айтты. Себебі видеода полиция мас көлік иесі рөлге отырған сон бірден келгендей көрінеді. Алайда полицейлер көлікті біраз уақыт сырттай бақылап тұрған.

Полиция жүргізушінің медициналық куәландырудан өтуден бас тартқанын мәлімдеді. Осыдан кейін іс материалдары сотқа жолданған.

Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Медициналық тексеруден өтуден бас тартқаны үшін осындай ұзақ мерзім тағайындалған. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында мас күйде жол апатын жасаған жүргізуші 1,5 жылға ғана сотталғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 15:01