Павлодарда 7 жасар Милана Давыдованы өлтірді деп айыпталған ер адам кінәсін мойындаудан бас тартты
Бүгінгі сотқа марқұм қыздың әкесі де қатысты. Қайғыдан қан жұтқан Александр Колчин әйелінің балаларды үнемі ұрып-соғатынын айтады. Соның салдарынан 7 жастағы Милана үйден қашып кетуді әдетке айналдырыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Күдікті бүлдіршіннің мәйітін "жасыруға ғана көмектестім" деп отыр.
Қанды қылмыс болған күні ол мал жаюға кетіп, қызының із-түссіз жоғалғанын хабарлама арқылы білген. Ал әйелінің көршісімен көңіл жарастырғанын ауылдастырынан естіпті. Бірақ оған мән бермей, жұбайының адалдығына күмән келтірмеген.
Отбасында Миланадан бөлек тағы екі бала бар. Бүгінде қос жеткіншек интернатқа орналастырылды. Ең сорақысы, марқұм қыздың 9 жастағы ағасы қанды қылмыстың куәгері болған. Содан бері психиологиялық соққы алып сөйлеуден қалыпты.
Ал сот алдында жауап беріп жатқан күдікті ер адам өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол Милананы азаптап өлтірген анасы дейді. Өзі бүлдіршіннің денесін жасыруға ғана көмектесіпті.
Еске салсақ, сұмдық оқиға былтыр қараша айында Бесқауға ауылында болды. Із-түссіз жоғалып кеткен жеті жасар Милана Давыдованы іздеуге 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Бірнеше күннен кейін безбүйрек ана жасаған қылмысын мойындап, қаршадай қызының денесі жасырылған жерді көрсетіп берді.