Павлодар облысында полицей қызметтік қарумен өз басына оқ атқан
Павлодар облысында жас полиция қызметкері өзін атып жіберген. Зардап шегуші қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: yaplakal.com
Аталған жағдайды Павлодар облысының полиция департаменті растады. Хабарлауынша, оқиға Ертіс ауылында болған.
Айтуларынша, Ертіс аудандық ішкі істер бөлімінің жас қызметкері үйіне келіп, қызметтік қаруымен өз басынан атқан.
"Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда", – деді Павлодар облыстық департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов.
Полиция департаменті жәбірленуші 2002 жылы туған полиция кіші сержанты екенін түсіндірді. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жас жігіт 29 маусымға қараған түні Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілген.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында 24 маусым күні таңертең полиция департаментінің бақылау-өткізу пункті ғимаратында полиция қызметкері басына қызметтік қарудан оқ атқан еді.