Павлодар облысында мұғалім өзін балағаттаған оқушының үстінен арыз жазды
Павлодар облысында педагогтардың бірі мектепте оқушының өзіне тіл тигізгені үшін полицияға арыз жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: shkolabuduschego.ru
Павлодар облысы полиция департаменті оқушының іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілерін байқап, оны ұсақ бұзақылық ретінде қарастырды. Тексеруден кейін полиция ата-анасын жауапқа тартты және іс материалдарын сотқа жіберді.
Ұсақ бұзақылыққа қоғамдық тәртіпті бұзу, соның ішінде тіл тигізу, қорлау, зорлық-зомбылық жасау немесе мүлікті бүлдіру жатады. Осы жылы Павлодар облысында ұсақ бұзақылық бойынша 1 268 адам жауапқа тартылды, олардың 51-і – жасөспірімдер.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда оқушыны TikTok-қа видео түсіргені үшін ұрған мұғалім жұмыстан шығарылғанын жазған едік. Желіде оқушының әрекеті мен мұғалімнің жауабы түсірілген видео тарады. Кадрлардан жасөспірімнің үстелін қолымен ұрып, аниме кейіпкерінің әнін айтқанын көруге болады. Содан кейін ол орнынан тұрып, айқайлайды. Сол сәтте жасөспірімнің әрекетіне таңғалған мұғалім: "Аурусың ба?" деп сұрайды. Сосын бір-екі секундтан кейін оқушының ішінен ұрып, орнына жайғасуын талап етеді. Павлодар қалалық білім басқармасының мәліметінше, мектеп оқушысы "ақымақ" атты аниме кейіпкерінің сөзін сабақ үстінде айта аламын, деп сыныптастарымен бәс тіккен.