Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

10 мың доллар талап еткен: Павлодар әкімінің орынбасарын интимді бопсалау ісі бойынша тың деректер айтылды

Павлодарда облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновқа қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі

Серік Батырғожинов осыдан бір жыл бұрын танысқан әйелді өзін бопсалады деп айыптады. Айыптау актісі бойынша барлығы интернетте басталған. 

“2023 жылы сәуір айының соңында әлеуметтік желіде "мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар" санаты бойынша баспана кезегінде тұрған 1985 жылы туған жұмыссыз, жесір әйел Павлодар облысы әкімінің орынбасарымен танысады. 2023 жылы 19 мамыр күні сағат 18:30 шамасында әкім орынбасары әйелді өз кеңсесінде қабылдаған”, – делінген актіде.

Кейін де шенеунік пен әйел 2023 жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін байланыста болған. Ол әйелге материалдық көмек ретінде 50 мыңнан 160 мың теңгеге дейін аударып отырған.

“2023 жылы қыркүйек айының соңында айыпталушы Серік Батырғожиновтан ақша аударуын сұраған, алайда шенеунік әйелдің бұл өтінішін орындаудан бас тартқан. Осы кезде заңсыз пайда табу мақсатында қылмыстық жоспар құрылды”, – деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Ғарифулла.

Әйел "ер адамның өзінің және жақындарының ар-ұятына нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын" деп қорқыту арқылы табыс тапқысы келген. 

2023 жылы қыркүйекте әйел шенеунікті “әйеліңе кеңседегі интимдік қарым-қатынастар туралы айтып, әлеуметтік желілерде ақпарат таратамын” деп қорқытқан.

“Сотталушы әйел Серік Батырғожиновқа психологиялық қысым жасап, одан заңсыз түрде 10 мың доллар көлемінде ақша аударуды талап еткен. Өз кезегінде Батырғожинов өзінің шарасыз күйде екенін және іс насырға шапса, әйелімен ажырасып немесе мемлекеттік қызметтегі беделін түсіріп алуы мүмкін екенін түсініп, амалсыздан оның талабын орындауға келіседі”, – дейді прокурор.

Шенеунік өзінің досы арқылы сотталушының мобильді банкіне 4,8 миллион теңге аударған. Артынша айыпталушы оған тағы 20 миллион теңге аудару туралы талап қояды. 

“Батырғожинов қажет соманы аударудан бас тартқан жағдайда өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпараттың таралатынын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінген”, – деді пркурор.

Айыптаушы тараптың айтуынша, ер адам мен әйел арасындағы хат алмасуды тексергеннен кейін әңгіме барысында әйелдің шын мәнінде қоқан-лоқы көрсеткені расталды.

“Осылайша, сотталушының қылмыстық кодекстің 194 бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Бопсалау) бойынша  құқық бұзушылық жасалғаны расталды. Яғни, айыпталушы жәбірленушінің немесе оның туыстарының намысына тиетін мәліметтерді жария етемін деп және жәбірленушінің немесе оның туыстарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді таратамын деп қорқытып, бөтеннің мүлкін беруді талап еткен”, – дейді прокурор.

Сотталушы әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін Серік Батырғожиновтың екі баласы бар ананы зорлады деген ақпарат тараған еді. 

Талқылау